Қазақстанда коронавирусты жұқтырғандар саны 16-ға көбейді

Астана. 2 сәуір. ҚазТАГ - Қазақстанда коронавирусты жұқтырғандар саны 16-ға көбейді, деп хабарлады мемкомиссияның жедел штабынан.
«Коронавирусты инфекцияны жұқтырудың тағы 16 жағдайы тіркелді, оның ішінде Нұр-Сұлтанда – жеті, Атырау облысында – екі, Қарағанды облысында – алты, Солтүстік Қазақстан облысында – бір. Барлығы елімізде коронавирусты жұқтырудың 402 жағдайы расталып отыр», - делінген 2 сәуір 08.20-да таратылған Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бұған дейін Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 386 жағдайы тіркеліп, 26-сы жазылып, үш адам көз жұмды.

adimage