Қазақстанда коронавирусты жұқтыру дерегі тіркелген жоқ – денсаулықмині

Күні: 23:10, 27-01-2020.

Астана. 27 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстанда коронавирустық инфекцияны жұқтыру дерегі тіркелген жоқ, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Қазақстанда Коронавирустық инфекциясын жұқтырған науқас тіркелген жоқ. Мессенджерлерде "коронавирустық инфекция Қазақстанға да жетті" деген жалған ақпарат жүр. Мұндай дәлел-дәйексіз, шындыққа жанаспайтын ақпаратты одан әрі таратып, жұртты дүрліктірмеулеріңізді сұраймыз», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Ведомствода нақтылағандай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҚХР-дағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты осы аурудың алдын алу мақсатында елімізде оқу-жаттығулар өткізуде.
«Атап айтқанда, әуежай, шекара және кеден қызметінің қызметкерлерімен, бортсеріктерімен, ұшу құрамымен, жолаушылар поездарының жолсеріктерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, жаңа коронавирустық және басқа да инфекциялармен сырқаттанған күдікті науқастарды анықтау және күдікті науқасты инфекциялық стационарға тасымалдау оқу - жаттығу жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқу-жаттығулар Талдықорған және Алматы қалаларында жүргізілді, сондай-ақ, республиканың басқа да қалаларында оқу-жаттығулар жалғасатын болады», - деп атап өтті ҚР ДСМ.
Денсаулық минінен ескерткендей өте қажет болмаса, ҚХР-ға сапарға шығудан бас тарту; Ухань, Хуанган, Эчжоу, Гибн, Сяньбао, Циньизян, Чжидзя және Лигуан қалаларына барудан бас тарту; ҚХР-да болған кезде немесе сол жақтан келген кезде респираторлық ауру симптомдары пайда болған жағдайда, сапар кезінде немесе одан кейін саяхатшыларға медициналық көмекке жүгіну немесе өзінің емдеуші дәрігеріне инфекцияның таралу аймағына барғаны туралы хабарлау ұсынылады; жіті респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз байланыс жасамау; қазіргі уақытта ЖРВИ және тұмаумен сырқаттану бойынша эпидмаусымды ескере отырып, ЖРВИ-мен ауыратын науқаспен байланыста болған жағдайда, сонымен бірге медициналық ұйымдарға барған кезде 3 сағат сайын ауыстырып, бір рет қолданылатын бетперде қолдану қажет. қолды жиі жуу, әсіресе науқас адамдармен немесе олардың айналасымен тікелей байланысқаннан кейін жуу; Ауру үй жануарларымен және/немесе жабайы жануарлармен тығыз байланыста болмау; жіті респираторлық инфекция симптомдары бар адамдар жөтел этикетін сақтауы тиіс (қашықтықты сақтаңыз, жөтелгенде және түшкіргенде бір рет қолданылатын сулықтармен немесе орамалмен ауызды жабыңыз).
«Аталған жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің жіті бақылауында екенін айта кету керек», - деп мәлімдеді ведомстводан.
Еске салсақ, 2019 жылдың желтоқсан айының аяғында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмонияның өршуі орын алды. Соңғы ақпарға сәйкес, қазір 2.7 мың науқас тіркеліп, олардың 80-і көз жұмған. Көптеген елдер, соның ішінде Қазақстанда да пневмонияның өршуіне орай әуежайлар мен шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде бақылауды күшейтті. Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға коронавирустың аралуныа орай Ухань қаласына барудан бас тарта тұруға ұсыныс білдірді. ҚР СІМақпаырнша, Қытайдың Ухань қаласында 98 қазақстандық студент қалып отыр.
26 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан қазақстан аумағына коронавирустың таралуын болдырмаудың алдын алу үшін үұйымдастырушылық шараларын қабылдауды тапсырды. Сол күні Қзақастан көрші елден ел аумағына вирустың кіріп кетуінің алдын алу мақсатында «Қорғас» халықаралық шекарамаңы ынтымақтастық орталығы (ХШЫО) және Қытаймен мемлекеттік шекара маңындағы барлық бақылау-өткізу пункттерін уақытша жапты.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан cаll-орталық (1406, +7 717 2 76 80 43) іске қосылды. Азаматтар осы нөмірлерге тәулік бойына хабарласып, әлемдегі коронавирусқа қатысты ахуал жайлы және аурудың негізгі белгілері мен алдын алу шараларына байланысты ақпарат ала алады.


Жаңалықтармен бөлісу: