Қазақстанда корпоративтік басқарудың ұлттық жүйесін құру ұсынылды

Алматы. 16 қазан. ҚазТАГ – Қазақстанда корпоративтік басқарудың ұлттық жүйесін құру ұсынылды, деп хабарлады ҚР «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметінен.  
«Тәжірибе көрсеткендей, бизнес қарапайым түрде корпоративтік басқарудың барлық артықшылықтарын білмейді. Бұл саладағы отандық мамандардың тиісті біліктілігі жоқ. Сондай - ақ мемлекеттік органдар жүйені енгізуге ықпал ету және процесті үйлестіруге мүдделі емес», - деп хабарлады ҚР «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.  
Оның айтуынша, осының бәрі Дүниежүзілік экономикалық форумның Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексіндегі бірнеше көрсеткіштер бойынша Қазақстанның ұстанымдарының нашарлауына ықпал етіп отыр. Атап айтқанда, «Корпоративтік этика» және «Менеджерлердің кәсіпқойлығы» (8 және 9 тармақ) сияқты көрсеткіштер бойынша позициялар төмендеп кеткен.
Жағдайды түзету мақсатында Ұлттық Палата Үкіметке жүйелі және кешенді тәсілді әзірлеп, ұсынды.
«Біз мемлекеттік және жеке секторда корпоративтік басқаруды дамытудың бірыңғай институционалдық негізін құруды, корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі ұлттық кеңес құруды, елімізде қолданылатын базалық, ұлттық стандарттарды бекітуді ұсынамыз. Мұндай тәсілдер халықаралық тәжірибеде өзін жақсы көрсетті», - деп мәлімдеді Р.Жүрсінов.
Отырысқа қатысушылар ұлттық кеңестің құрамы, оның ережесі бойынша мәселелерді қарады. Қазақстанда қабылдауға қажетті корпоративтік басқару туралы әдістемелік ұсынымдар тізімі талқыланды.
«Көптеген компанияларға бұл жаңа тәжірибе екенін ескере отырып, жүйені енгізуге көмектесетін ынталандыру шаралары қажет. Атап айтқанда мемлекеттік сатып алуларда жеңілдіктер түрінде артықшылықтар беруді ұсынамын. Сондай - ақ, ҚР Ұлттық Банкіне пруденциалдық нормативтер жүйесін қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізу қажет», - деп атап өтті ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Елена Никитинская.
Іс-шараға қатысушылар корпоративтік басқару институтын пайдалану мен жетілдірудің және жеке сектордың оны енгізуге мүдделілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ жыл сайын корпоративтік басқарға арналған республикалық Форум өткізу керектігі шешілді, бұл Ұлттық Кеңестің қызметін жоғары сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.


adimage