Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы болмайды, деп мәлім етті Назарбаев

Күні: 18:16, 05-02-2019.

Астана. 5 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы болмайды, деп мәлімдеді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
«Бірақ, бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңымызда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек», - деген ол мемлекет басшысының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемесінде.
Конституцияның 42 бабы 3 тармағына қатысты конституциялық кеңеске жүгінуін Н.Назарбаев «күнделікті жайт» деп атады.
«Бұл мемлекеттің күнделікті мәселесі. (…) конституцияда президентті алмастыру талаптары көрсетілмеген, сондай-ақ, оның өз еркімен отставкаға кету жағы да қарастырылмаған. Әлемнің барлық конституцияларында мұндай нормалар бар. Аталмыш аспектілердің өзектілігіне орай мен конституциялық кеңестен аталмыш қағидаларды түсіндіруін сұрадым», - деді мемлекет басшысы.


Жаңалықтармен бөлісу: