Қазақстанда митингіде ұсталған 53 адамның 10-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылды – Тұрғымбаев

Астана. 25 ақпан. ҚазТАГ – Махамбет Әбжан. Қазақстанда митингіде ұсталған 53 адамның 10-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп мәлімдеді ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
«22 ақпанда Бас прокуратураның бірнеше мәрте жасаған ескертуіне қарамастан еліміздің кей қалаларында кейбір азаматтар санкцияланбаған митингіге шықты. Сол себепті құқық қорғау органдарының күшімен қоғамдық тәртіпті бұзуғажәне санкцияланбаған митингілерге жол бермеу шаралары қабылданды. Нәтижесінде 53 адам ұсталды, оның 10-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 43 азамат профилактикалық тілдесуден кейін үйіне қайтарылды. Негізінен (ұсталғандардың көбі – ҚазТАГ) Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан», - деді Тұрғымбаев дүйсенбідегі үкімет кулуарында.
Журналисттің митингте азаматтарды полицейлердің ұрғандығы туралы сұрақтарына жауап берген министр ол туралы тиісінше арыздардың түспегенін айтты: «арыз түссе ғана қараймыз».
«Құқыққорғаушылардың ресми ақпараты жоқ қой», - деп жауап берді журналисттің құқыққорғаушылар неге 300 адам ұсталды деп айтып жатыр деген сұрағына.
Еске салсақ, 17 ақпанда хабарлағандай, белгісіз біреулер Жаңаөзенде белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің көлігін өртеп жіберген. Ол Алматыға құрылып жатқан Демократиялық партияның съезіне баруды жоспарлап жатқан екен. Партияның құрылуына бастама жасаушылардың бірі, белсенді, Жанболат Мамай көліктің өртенуінің артында билік өкілдері тұр деп санайды. Бұған дейін Жұмағалиев хабарлағандай, оның ізіне әлдекімдердің түскенін және тіпті, оның пікірінше, ізіне түскен полицейлердің көліктері туралы ақпаратты да жариялаған. Сондай-ақ, хабарлағандай, саяси белсенді Мақсат Айсауытов БҚО-да Қазақстанда құрылып жатқан Демократиялық партияның съезі алдында бес тәулікке қамауға алынды. Бұдан басқа Демпартияның съезіне баруға тиіс болған саяси белсенді Исатай Өтепов та қылмыстық қудалаушылыққа тап болды.
Демпартия құруға бастама жасаушылардың бірі Төлеген Жөкеев 17 ақпанда ұсталушыларға қатысты жағдайға түсінік бере келе, «Демократиялық партияның құрылтайшылық съезінің өтуіне кедергі келтіруге тырысу – биліктің мағынасыз тырбаңдауы» деп мәлімдеді. Оның пікірінше, Қазақстандағы биліктің жасай алатын ең жақсы әрекеті – басқаруды демкоратиялық күштерге беруі.
19 ақпанда белгілі болғандай, Талғат Аян мен құрылып жатқан Демократиялық партияның басқа да делегаттарын Қазақстанның бірқатар облыстарында полицияға жеткізген. Жаппай ұстаулар мен қамауға алу кезінде құрылып жатқан партияның бастамашылары 22 ақпанға жоспарланған құрылтайшылық съезін кейінге қалдырып, митинг өтетіні туралы мәлімдеді. Құрылтайшылық съезге Қазақстанның барлық өңірінен 1 мыңнан астам делегат қатысуы керек болатын.
22 ақпанда хабарлағандай, «Астана» алаңы ауданында жаппай ұстаулар орын алған. Полиция Демократиялық партия құруға бастама жасаушы саясаткер Жанболат Мамайдың жұбайы – журналист Инга Иманбайды алып кетуге тырысқан. Өз әрекеттерін олар оны үйіне жеткізу туралы бұйрық берілгенімен түсіндірді, бірақ ол барудан бас тартты. Алаң ауданында ұсталғандардың бірі –Демпартия құруға бастама жасаушы Төлеген Жөкеев. Сонымен қатар полиция журналист пен Әсем Жапишеваны да ұстамақ болған, алайды әріптестері оған жол бермеген. Күш құрылымдары оқиға орнынан жаңалықтар таратып жатқан БАҚ өкілдерінің қызметтік куәліктерінің бар-жоғын да тексерді. Атап өтелік, заңнама мен қолданыстағы заңға тәуелді актілер журналистердің міндетті түрде қызметтік куәліктерін алып жүруін міндеттемейді.
Одан бұрын ертеңгісін Иманбай Мамайдың үш тәулікке қамауға алынғанын хабарлаған еді. Сенбіге қараған түні ол Қаскелеңде Қарасай ауданы полиция басқармасында ұсталған. Ол аталмыш жерге Алматыда Демпартия ұйымдастырушы комитетінің мүшесі Жанбол Рахматұлын шығарып алуға келген. Мамай ұсталғаннан кейін оның жақтастары аштық жариялады. Сондай-ақ, 22 ақпанда Демократиялық партияның құрылуына қатысты 70-ке жуық жақтастары Алматыда хостелден шыға берісте ұсталған.
Еске салсақ, Қазақстанда Демократиялық партияның құрылуына бастама жасаушылар «егер оларға партияның құрылтайшылық съезін өткізуге кедергі келтіретін болса» ҚР әділет министрлігі мен министр Марат Бекетаевты сотқа беруге ниетті екендерін айтты. Мамайдың айтуынша, «қазір біздің бастамашыл топтың мүшелеріне белсенді түрде қысым жасалуда, ал оның тізімін біз тек әділет министрлігіне берген». Қазақстанда Демократиялық партияны құруға бастама жасаушылар ҚР әділет министрлігінде тізімді бекіту кезеңінен өткен, бұл бірінші құрылтайшылық съезін өткізу құқығын береді, содан кейін партияны тіркеу үшін Қазақстан азаматтарынан 40 мың қол жинау басталады.
3 ақпанда ҚазТАГ ХАА хабарлағандай, Қазақстандағы жерге қатысты митингтен кейін жазасын өтеп жатқан белсенді Макс Боқаевтың да Демократиялық партия қатарына қосылды.
.

adimage