Қазақстанда өндірістегі оқыс оқиғалардың 80%-ы жұмыс берушілердің айыбынан болады

Күні: 17:03, 04-11-2014.

Астана. 4 қараша. ҚазТАГ – Бауыржан Мұқанов. Қазақстанда өндірістегі оқыс оқиғалардың 80%-ына жұмыс берушілер кінәлі, деп хабарлады еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы, ҚР денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ақмәди Сарбасов.
«Ағымдағы (2014 – ҚазТАГ) жылы орын алған оқыс жағдайларға біз талдау жүргіздік. Бұл талдау (оқиғалардың – ҚазТАГ) 80%-ына жұмыс берушінің кінәлі екенін көрсетті», - деді А. Сарбасов сейсенбі күні үкімет отырысының қорытындысы бойынша.
«Өндірістік жарақаттанушылық динамикасы бүгінде өліммен аяқталатын қаза табушылар санының ұлғаюын көрсетіп отыр. Әлбетте, бұл назардан тыс қалмауы тиіс», - деп толықтырды ол.
Мұнымен қатар комитет басшысы өткен айларда қазақстандық кәсіпорындарда болған оқыс оқиғалардың жалпы санын атаған жоқ.
А. Сарбасов ҚР үкіметінің 3 жылға құқықтық жалпы оқыту жоспарын бекіткенін еске салды. Оның жүзеге асырылуы өткен жылы басталған.
«Біз сондай-ақ еңбек қарым-қатынастары саласындағы қатерлерге мониторинг жүргізуді топшылап отырмыз. Бұл еңбек дау-дамайларына да, өндірістік жарақаттанушылыққа да, жұмысшылардың қуылуына да қатысты», - деп атап өтті ол.  
Бұған дейін хабарланғандай, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, жыл сайын ҚР-да 2 мыңға жуық оқыс оқиғаға жол беріледі.


Жаңалықтармен бөлісу: