Қазақстанда өнеркәсіп саласында 10 млрд АҚШ долларына бес инвестициялық жоба іске асырылуда

Астана. 12 мамыр. КазТАГ – Қазақстанда өнеркәсіп саласында жалпы сомасы $10 млрд болатын бес инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

«Премьер-Министр Олжас Бектенов химия және металлургия салаларында жоғары қосылған құны бар кластерлер құруға бағытталған ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Экспортқа бағдарланған өндірістерді қалыптастыру жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. ҚР Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта жалпы инвестиция көлемі $10 млрд-қа жуық бес ірі бастама жүзеге асырылып, 8,7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады», – делінген дүйсенбіде жарияланған хабарламада.

Абай облысында қуаттылығы жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін мыс балқыту зауытының құрылысы жүріп жатыр.
 Инвестицияның жалпы көлемі – $1,5 млрд. Зауыт Бозшакөл, Ақтоғай және Востокцветмет кен орындарынан алынған концентраттарды өңдеуге есептелген. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Қазіргі таңда жоба Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілген, инфрақұрылымға қосу шаралары жүргізілуде.

Қарағанды облысында «Qarmet» акционерлік қоғамы машина жасау және автокөлік өнеркәсібі үшін жаңа өнім түрлерін шығару және өндіріс көлемін арттыру мақсатында ауқымды жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі – $3,5 млрд.
 2028 жылға дейін жыл сайын 9 млн тонна көмір, 5 млн тонна темір кен концентраты мен 5 млн тонна болат өндіру жоспарланған. Жоба аясында 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған дейін жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2024 жылы кәсіпорынның өндірістік қызметі толық қалпына келтірілді, жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізілді.
 Көмір өндіру 8 шахтаның 7-інде қайта жанданып, көмір көлемі 7%-ға артты.

Қостанай облысында «ССГПО» АҚ базасында құрамында 90%-дан астам темірі бар, жылына 2 млн тонна өнім өндіретін ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыт салу жоспарлануда.
Аталған кәсіпорын металлургия саласында экологиялық таза технологияларды енгізуге арналған тірек нысан болмақ. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру аясында газ жеткізу, инфрақұрылымға қосылу және халықаралық қаржы институттарының қатысуымен қаржыландыру көздерін анықтау мәселелері пысықталуда. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі $1,2 млрд-қа дейін жетеді. Жоба іске асырылғаннан кейін 1 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Батыс Қазақстан облысында «Сатимола» кен орны базасында калий хлоридін өндіруге арналған байыту-өндірістік кешенінің құрылысы жүзеге асырылып жатыр.

Кәсіпорынды төрт кезең бойынша іске қосу көзделген, қуаттылығы жылына 12 млн тонна калий хлоридіне дейін жеткізілмек. Қазіргі таңда жобада бұрғылау жұмыстары жүргізілуде, жер телімдері алынды, жыныстарды мұздату процесі басталды және сыртқы инфрақұрылым қалыптастырылуда. Жобаның жалпы құны $2,4 млрд-тан асады. 4 мыңнан астам жұмыс орны ашу жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысында «KazAzot Prime» ЖШС аммиак-карбамид кешенін салу жобасын іске асыруда.

Жоба отандық нарықты минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру нәтижесінде 700 жаңа жұмыс орны құрылады. Кешенді пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған. Инвестиция көлемі шамамен $1,5 млрд құрайды.

Кеңес барысында заманауи өнеркәсіптік кластерлерді қалыптастыруда кешенді көзқарастың маңыздылығы атап өтілді.

«Аталған салалардағы жаңа жобалар индустриялық өсімнің тірек нүктелеріне айналып, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару, заманауи технологияларды енгізу және бәсекеге қабілетті кластерлер қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Олардың айналасында шағын және орта бизнес кәсіпорындары, сервистік компаниялар, логистикалық орталықтар мен заманауи инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет. Біз жаңа жұмыс орындарын ашып, тұтас өңірлердің экономикасын жандандыруға жол ашатын күшті мультипликативтік әсерге үміт артамыз», – деді Премьер-Министр Бектенов.

Мемлекеттік органдарға жобаларды сапалы сүйемелдеуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Индустрия және құрылыс, ұлттық экономика министрліктеріне барлық жобалардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдау жүктелді.

Фото көзі: Пресс-служба премьер-министра РК.


adimage