Қазақстанда президент жанындағы Орталық коммуникация қызметі қайта құрылды

Астана. 22 шілде. ҚазТАГ – Қазақстанда президент жанындағы Орталық коммуникация қызметі қайта құрылды, деп хабарлады агенттік тілшісі. 
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 33-бабына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мекеме) құрылсын. Мекеменің штат саны 33 бірлік мөлшерінде белгіленсін. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мекемеге қатысты уәкілетті орган болып айқындалсын. Қазақстан Республикасының Президенті мекеме директорын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады деп белгіленсін», - делінген дүйсенбідегі президент жарлығында.
Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесін, оның мүлкін мекемеге бере отырып, таратсын; бір ай мерзімде мекеменің жарғысын әзірлеп, белгіленген тәртіпте бекітуге енгізсін; мекеменің мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін; осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдау тапсырылды.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен бірлесіп, мекемені орналастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен үй-жай бөлуді қамтамасыз етсін. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген құжатта.
Атап өтелік, президент жанындағы ОКҚ 2012 жылы құрылған еді, алайда сосын қызмет жұмысын жүргізумен БАҚ саласындағы уәкілетті орган айналысып келген.

adimage