Қазақстанда «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілуде

Астана. 22 мамыр. ҚазТАГ – 22-23 мамыр күндері Қазақстанның барлық өңірінде табиғи өрттерге дайындықты тексеруге бағытталған республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу «Өрт-2025» өтуде, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

«2025 жылғы 22-23 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірінде «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде. Бұл іс-шара азаматтық қорғау аумақтық кіші жүйесінің басқару органдары мен күштерінің табиғи өрттер туындаған жағдайда әрекет етуге дайындығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды», – делінген хабарламада.

Оқу-жаттығудың жедел штабы Павлодар облысындағы Республикалық мемлекеттік орман табиғи резерваты «Ертіс орманы» мекемесінің Майқарағай орман шаруашылығында орналасқан. Оған төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов жетекшілік етуде.

Іс-шараға ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, сондай-ақ экология және табиғи ресурстар министрлігі мен азаматтық қорғау қызметінің өкілдері қатысуда.
«Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі сағат 09:00-де басталды.

«Дабыл-1001» сигналы бойынша мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштері дайындыққа келтірілді. ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығы ауқымды табиғи өрттердің туындау қаупі туралы «Жалын» сигналын жеткізді. Қазіргі жағдайды бағалау және өрттерді жою туралы шешім қабылдау кезінде басқару органдарының іс-қимыл алгоритмі пысықталды. Мемлекеттік органдардан, республикалық оқу-жаттығу штабының мүшелерінен жедел топтар жиналып, оларға қойылған міндеттер жеткізілді», – деп хабарлады ТЖМ.

Оқу-жаттығуға 350 қызметкер, 63 бірлік техника, оның ішінде арнайы техника, ҰҰА және 6 әуе кемесі жұмылдырылды.

Фото көзі: Gov.kz


adimage