«Перизат Қайратқа қатысты іс наурызда аяқталады»
Перизат Қайратқа қатысты Т1,7 млрд-тан астам қаражатты жымқырды деген күдікпен қозғалған қылмыстық іс наурыз айында аяқталады. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz.
«Іс аяқталу сатысында тұр. Жақын уақытта біз тергеудің аяқталғанын ресми түрде жариялап, наурыз айының соңына қарай тараптардың іс материалдарымен танысу кезеңіне өтеміз. Іс материалдарымен танысу қанша уақытты алады – нақты айту қиын, себебі бұл қылмыстық процеске қатысушыларға байланысты. Істе 100-ден астам том бар, оған қоса заттай дәлелдер де бар», – деді ол мәжіліс кулуарында.
Шахтадағы апат: комиссия жұмысын 10 күнде аяқтайды
Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Ұлытау облысы «Жомарт» шахтасындағы апатқа қатысты мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Оның айтуынша, шахтадағы апатқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Шахта жұмысы уақытша тоқтатылды.
«Екі арнайы кіші комиссия құрылды, оның бірі аварияның туындау себебін, екіншісі қандай техникалық қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын анықтауы тиіс. Аталған комиссиялар өз жұмыстарын 10 күннің ішінде аяқтауы қажет. Сонымен бірге тиісті сараптамалар жүргізу жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау шаралары көрсетіліп жатыр», - деді ол.
Алматы облысында кәмелетке толмаған баладан Т5 млн бопсалағандар ұсталды
Алматы облысында жасөспірімді қорқытқан бопсалаушылар ұсталды, деп хабарлайды Nege.kz.
Ақпаратқа сәйкес, Алматы облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Балқаш ауданы Миялы ауылының 42 жастағы тұрғыны жүгінген.
Әйелдің айтуынша, 2025 жылғы 8 ақпанда сағат 15:00 шамасында Қызыл-Қайрат ауылында белгісіз адамдар оның кәмелетке толмаған ұлын күштеп автокөлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Күдіктілер баланы ұрып-соғамыз деп қорқытып, Т5 млн талап еткен.
«Аталған факті бойынша бопсалау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушіні интернетте жеке видеосын таратамын деп қорқытып, бопсалағаны анықталды» – деді полицейлер.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілерді Т500 мыңның бір бөлігін алу кезінде қолға түсірді.
Қазақстанда қосылған құн салығына байланысты тұрғын үй бағасы өседі
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амриннің мәлімдеуінше, Қазақстанда құрылыс салушылар үшін 16%-дық ҚҚС ставкасы енгізілгеннен кейін тұрғын үй бағасы көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz.
Құрылыс бизнесі үшін ҚҚС-ны 16% етіп белгілеу ұсынылды. Азамат Амриннің айтуынша, бұл бизнесті көлеңкеден шығару үшін қажет.
Журналистердің ҚҚС көтерілгеннен кейін тұрғын үй бағасы өсе ме, деген сауалына ол салық мөлшерлемесін өсірмесе де, елде баға өсіп жатқанын атап өтті.
«Инфляция шамамен 3% өседі. Әрине, баға өседі. Барлық тауар, әсіресе азық-түлік емес тауарлардың бағасы көтеріледі. Құрылымды есептесеңіз, тек ҚҚС есебінен бағаға байланысты 2,7-3%», – деді вице-министр.
Фото көзі: dom.kz