«Қараңыздар, барлық самокаттарда идентификациялық нөмірлер бар. Олар өте кішкентай, көзге түсе бермейді, бірақ бар. Бұл нөмірлерді агрегатор-компаниялар өздері орнатады. Қазір осыған қатысты депутаттардың бастамасы бар. Біз бұл нөмірлердің үлкенірек болуын қалаймыз. Яғни, біз оны көзге көрінетіндей етіп жасау талаптарын әзірлеп жатырмыз. Мысалы, біреуді қағып кетті делік, сіз оны көріп: «Мына нөмірі бар самокат баланы қағып кетті» дейсіз. Сол нөмір арқылы агрегатордан кімнің осы самокатты мініп жүргенін анықтаймыз. Яғни, бұл тұлғаны табуға болады. Бірақ бұл мемлекеттік нөмір болмайды», – деді Лепеха бейсенбі күні мәжіліс кулуарында.
Вице-министрдің айтуынша, егер нөмірлерді самокаттың рөліне не рамасына орнатса, олар алыстан көзге түседі. Қазіргі таңда Қазақстандағы самокаттардағы нөмірлер «шырпы қорабындай» ғана, деп қосты ол.
«Велосипедтерге қатысты мәселе қарастырылып жатқан жоқ және бұрын-соңды да қозғалған емес. Иә, кейбіреулер балалар велосипедтері туралы пікір білдіріп жүр, бірақ ол шындыққа сәйкес келмейді», – деп нақтылады Лепеха.
Фото көзі: pixabay