Астана. 31 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстанда бересіні төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары қолданысқа енгізіледі, деп хабарлады ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 21 қаңтардағы № 39 бұйрығымен Бересіні төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) бекітілді. Бұл Қағидалар Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 24 қаңтарда № 18233 болып тіркелді және ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде 2019 жылдың 28 қаңтарында жарияланды. Қағидалар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2019 жылдың 8 ақпанынан бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Белгілі болғандай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң күшіне енді.
«2019 жылдың 25 қаңтарындағы жағдай бойынша 25 769 салық төлеуші бюджетке 2018 жылдың 1 қазанында болған жалпы сомасы 5,5 млрд.теңге құрайтын негізгі қарызын төлеген», - деп хабарлады МКК.
Хабарда атап өтілгендей, есептен шығару тәртібіне сәйкес, осы салық төлеушілердің жалпы сомасы 1,0 млрд.теңге өсімпұл және 37,0 млн.теңге айыппұл есептен шығарылатын болады.
«Оның ішінде 2018 жылдың 1 қазанында тіркелген барлық салық түрлері бойынша негізгі қарызын төлегендер - 24 270 салық төлеушілер бар, төленген салық қарызы – 4,8 млрд. теңге. Бұл салық төлеушілер бойынша жалпы сомасы 0,6 млрд.теңге өсімпұлы және 20,3 млн.теңге айыппұлы есептен шығарылатын болады», - деді комитеттен.
Хабарда көрсетілгендей, бекітілген қағидалармен ҚР «Әділет» нормативті құқықтық актілер ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайтында таныса аласыздар.
Еске салсақ, алдын-ала деректер бойынша 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес 340,6 млрд. теңге салық берешегі бар 90 077 шағын және орта бизнес субъектілері (31 210 заңды тұлғалар және 58 867 дара кәсіпкерлер) рақымшылыққа жатады.
Бұл ретте, егерде негізгі қарызды 210,4 млрд.теңге көлемінде төлеген жағдайда есептен шығаруға жататын өсімпұлдың жалпы сомасы - 122,9 млрд.теңге, айыппұлдың сомасы – 7,3 млрд.теңгені құрайды.
Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазаннан бастап негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады.
Бұл ретте мониторингке жататын, ірі салық төлеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар (жер асты суын өндіру, емдеу балшығына құқығы бар жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда), акцизделетін өнімді өндіретін өндірушілер салықтық рақымшылыққа жатпайды.
Қазақстанда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидасы қашан қолданысқа енгізіледі
