Алдағы уақытта кімдердің жалақысы 50% көтерілетіні белгілі болды
Қазақстанда су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін өседі. Мемлекет басшысы су саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бағытталған «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өзгерістер сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін 25 мыңнан астам қызметкердің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Өңірге және статистикалық деректерге қарай жалақы орта есеппен 35–50%-ға өсіп, жылу және электр энергетикасы салаларындағы мамандардың деңгейіне дейін жетеді.
«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жылу және электр энергетикасы саласында орташа жалақы – Т330 мың. Ал су шаруашылығы саласында – Т231 мың. Айтарлықтай айырмашылық бар. Қабылданған түзетулер еліміздің дамуы үшін аса маңызды су саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған», - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Астана-Павлодар ақылы жолында асфальт ойылып, жарылып кетті
Әлеуметтік желіде Астана – Павлодар ақылы тас жолындағы жол жамылғысының бүлініп жатқан суреттері мен видеосы тарады. Кадрлардан жолдың бір бөлігінде асфальттың көтеріліп, жарылғанын, бетон плитасының ойылып қалғанын көруге болады, деп хабарлайды Stan.kz.
Бүлінген жолдың кесірінен бірнеше автокөлік зақымдалған. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, жолдағы апаттық жағдай 12 маусым күні пайда болған.
«12 маусым күні сағат 18:30 шамасында Iб санатындағы Астана – Шідерті – Павлодар – Үспен – РФ шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар ақылы автожолдың 1265-шақырымында ауа температурасы күрт көтеріліп (+33…+35 °C), салдарынан цемент-бетон жамылғы плиталары қыртыстанып, көтеріліп кеткен», – делінген «ҚазАвтоЖолдың» хабарламасында.
Алматыда құны Т54 млрд болатын 840 гектардан астам жер қайтарылды
Алматыда жалпы құны Т54 млрд болатын 840 гектардан астам жер анықталды. Жер телімдері «Международная ассоциация клубов» ЖШС-не заңсыз түрде жеке меншікке берілген, деп хабарлайды El.kz.
Қала прокуратурасының мәліметінше, аталған жерлер су қоры санатына жатады және заң бойынша жеке меншікке берілмеуі тиіс. 2025 жылдың 12 маусымында Алматы сотының сот алқасы прокуратураның талап арызын қанағаттандыру туралы қаулы шығарды.
Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертінен Қазақстанға Т5 млрд пайда түседі
Astana Concert продюсері Малик Хасеновтың мәлімдеуінше, 10 тамыз күні Алматыда өтетін Дженнифер Лопестің концерті Қазақстан экономикасына Т5 млрд табыс әкеледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, шоуға 29 елден көрермендер билет сатып алған. Концертке ТМД елдерінен бөлек, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Швейцария, Қытай, Түркия және Мексикадан да қонақтар келеді.
«Мұндай деңгейдегі шаралар – Қазақстанда, соның ішінде Алматыда, оқиғалық туризмнің қозғаушы күші. Қала әкімдігінің туризм басқармасының мәліметі бойынша, әрбір турист кемінде 3–5 күнге келіп, орта есеппен 1500$ жұмсайды. Егер 8000 турист бір мезгілде келіп, осындай көлемде шығынданса, онда HoReCa саласына – яғни қонақүйлер, мейрамханалар, кафе, экскурсиялар және концерт билеттері есебінен шамамен Т5 млрд түседі. Бұл – тек 10 тамыздағы концерттің үлесі», – дейді Хасенов.
Фото көзі: Ашық дереккөз