Қазақстанда Tax free салықсыз жүйесі 2019 жылдың күзінде жұмыс істейтін болады

Астана. 23 тамыз. ҚазТАГ - Қазақстанда 2019 жылдың күзінде ҚҚС сомасын қайтару жүйесі (Tax free) жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
«Алматыдағы шетелдік туристер осы күзден бастап «Tax free» жүйесінің қызығын көре бастайды. “Global blue”* компаниясымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде «Tax free» жүйесін Қазақстанға енгізудің қанатқақты жобасы әзірленді. Ағымдағы жылдың 15-тамызынан бастап қанатқақты жоба заңды күшіне енді. Салықты қайтару жүйесі бір жарым айдан кейін «Есентай молл» сауда орталығында іске қосылмақ. Яғни, осы күзден бастап Алматыға қыдырып келген туристер «Tax free» жүйесі бойынша брендтік тауарларға қол жеткізе алады», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Естеріңізге сала кетсек, туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекетттік бағдарламаның аясында «Tax free» жүйесін әуелде 2022 жылдан кейін енгізу көзделген еді. Алайда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Kazakh Tourism» ҰК» АО жанынан құрылған Жобалау кеңсесінің тікелей араласуымен қанатқақты жоба белгіленген мерзімнен бұрын іске қосылатын болды.
Жалпы, «Tax free» жүйесі Алматыдағы шетелдік туристер санын жылына 25 мыңға ұлғайтуға сеп болмақ. Олар өз кезегінде брендтік тауар үшін 1 мыңнан 10 мың долларға дейін қаржы жұмсайды деп күтілуде. Сауда-саттықтан бөлек, туристер алдымен Қазақстанға сапарлату үшін жол-пұлы мен тұратын орынға, сондай-ақ өзге де туристтік қызметтерге қосымша қаражат құятыны белгілі.
Қанатқақты жоба оң нәтиже берген жағдайда «Tax free» жүйесі Қазақстанның өзге де өңірлерінде іске қосылады.  Осылайша, Қазақстанды Орталық Азиядағы шоппинг-туризмнің орталығына айналдыру көзделіп отыр. Шетелдік туроператорлар салық соммасын қайтарудың жүйесі енгізілмеген елдерге туристтік бағыттарды жасамайтыны анық. Сондықтан, Қазақстан бұл мүмкіндікті тиімді қолдануға мүдделі.
Салықты қайтару жүйесі туризм дамыған мемлекеттерде жақсы жолға қойылған.  Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, «Tax free» жүйесін енгізгеннен кейін туристер ағылып келіп, сауда айналымын еселеп арттыруға септігін тигізді. Жүйені іске қосу арқылы Қазақстанға жылына 300 мың турист тарту жоспарлануда.
Қосымша ақпарат:
* Global Blue компаниясын оператор ретінде белгілеудің өзіндік себебі бар. Себебі, салықты қайтару жүйесінің операторына бизнес процестерді жолға қою, ақпараттық инфрақұрылым және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты үнемі жоғары талаптар қойылады. Орталық Азия аумағында даму көрсеткіштері бойынша көшбасшы саналатын Қазақстанның имиджі де аталған талап-үддеге сәйкес қалыптасады. Сондықтан «Tax free» сервисінің көшбасшысы «Global Blue» еліміздегі жүйенің операторы ретінде арнайы таңдалынып алынды. Компанияның штаб-пәтері Швейцарияда орналасқан. «Tax free» қызмет көрсету саласындағы 40 жылдық тәжірибесі бар компания 52 елмен жұмыс істейді.  Әлем бойынша 300 мың сауда және туристтік қызмет көрсету орындарымен тығыз  байланыста. Бұдан бөлек, Global Blue жүйені іске қосуға қажет құрал-жабдықтарды өз есебінен орнататын болады.



adimage