Қазақстанда тегін медкөмектің кепілдендірілген көлемін қаржыландыру тапшылығы Т360 млрд асады

Күні: 19:30, 18-01-2019.

Астана. 18 қаңтар. ҚазТАГ – Бүгінгі таңда ТМККК пакетіне бөлінетін қаржы жеткіліксіз. Атап айтқанда, тегін медициналық көмекке 360 млрд теңге тапшы, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Бүгінгі таңда ТМККК пакетіне бөлінетін қаржы жеткіліксіз. Атап айтқанда, тегін медициналық көмекке 360 млрд теңге тапшы. Ал, азаматтар қалтасынан шығатын жеке шығындардың 30 пайыздан астамы ТМККК пакетіне енгізілген медициналық қызметтерді сатып алуға жұмсалады. Салдарынан тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтар қаржылық тәуекелдерден тиісінше қорғалмаған», - деді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.
Оның айтуынша, соның салдарынан тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтар қаржылық тәуекелдерден тиісінше қорғалмаған.
«Кепілдендірілген тегін медициналық көмек халықты ең минималды әлеуметтік стандарттармен қамтамасыз етеді. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ТМККК пакетіне кірмеген қызметтер мен жаңа қызмет түрлері көрсетілмек. Медициналық көмектің қосымша көлемі ерікті сақтандыру мен ақылы қызмет арқылы көрсетілуі тиіс. Сонымен сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекке қол жеткізеді. Оған: мамандардың қабылдауы, зерттеулер, бағасы қымбат болып келетін лабораториялық зерттеулер, ересектер мен балаларды профилактикалық тексеруден өткізу т.б. жатады», - деді денсаулық сақтау министрлігі басшысының орынбасары.
Өткір және созылмалы аурулар кезінде стационарды алмастыратын көмек, амбулаторияда жасалатын жоспарлы хирургиялық операциялар мен негізінен күндізгі стационарда емделетін ауруларға қатысты манипуляциялар МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылатын болады.
«ТМККК пакетінің жаңа үлгісі келесі жылдың басынан бастап МӘМС жүйесімен қатар іске қосылмақ», - деді Л.Ақтаева.


Жаңалықтармен бөлісу: