Қазақстанда темекіге қарсы заңнама күшейтілді

Астана. 6 шілде. ҚазТАГ – Қазақстанда темекі өнімдерін 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынды, елде темекі тарту тыйым салынған орындар саны өсті, деп хабарлады мемлекеттік БАҚ.
«Қазақстанда темекі шегуге тыйым салынған орындар тізімі кеңейтілді. (…) Енді автобус аялдамасында және балалар алаңында темекі тартуға болмайды. Сонымен қатар, темекі өнімдерін тек 21 жасқа толғандар ғана ала алады», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, кальянды жақсы көретіндер оны тартуға арналған орынды таңдауда сақ болғандары жөн.
«Енді жабық автобус аялдамаларында, балалар алаңдарында, метрода және жерасты өткелдерінде электронды темекі, кальян және темекі өнімдерінің барлық түрлерін шегуге тыйым салынады», - делінген хабарда.
Алкоголь және темекі өнімдерін сату қауымдастығының атқарушы директоры Темірлан Жақыпбеков атап өткендей, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынды.
«Біздің жастар кальянды мекемелерде қолданады. Енді оларға толықтай тыйым салынды. Дәмханаларда, қоғамдық орындарда, жазғы кафелерде шеге алмайды, оны тек үйде ғана тұтынуға болады», - деді Жақыпбеков.
Енді сатушылар сатып алушылардан жеке куәліктерін талап етуі керек – темекіні және кальянға арналған түрлі қоспаларды 21 жастан бастап қана сатып алуға болады
«Тағы бір жаңалық – темекі мен кальян қоспалары дүкен сөрелерінде болмайды. Бұл ереже келесі жылдан бастап күшіне енеді», - делінген хабарда.
Қазірдің өзінде кальянды рұқсат етілмеген жерде шеккені үшін айыппұл салынуы мүмкін.
«Айыппұл көлемі екі есеге көбейтілді, қазір ол Т42 мыңды құрайды», - делінген хабарда.

adimage