Қазақстанда туристік полиция пайда болды

Астана. 19 сәуір. ҚазТАГ-Қазақстанда туристік полиция пайда болды, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
"Қазақстан Президентінің қатысуымен өткен ІІМ алқасының кеңейтілген отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елімізде туристік полиция құру туралы Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндады.
Ол елдің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бекіткен туристік саланы дамыту тұжырымдамасының шеңберінде ІІМ "Е-виза", "Е-қонақ үй", сондай - ақ туристік полиция электрондық деректер базасын құру бойынша ұсыныстарға бастамашы болғанын хабарлады", - делінген жұма күні таратылған хабарламада.
Бүгінгі күні 117 елдің азаматтары үшін виза электронды түрде рәсімделеді және мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде автоматты түрде тіркеледі. Полицейлердің айтуынша, "Е-қонақ үй" деректер қоры шетелдіктердің тұрғылықты жерін есепке алуды қалыптастыруға және тіркеу үшін полицияға бару міндетін болдырмауға мүмкіндік береді.
«Өз кезегінде шетел азаматтары мен инвесторларды тарту үшін елде болған кезде жайлылық пен қауіпсіздікті жаңа бөлімше – туристік полиция қамтамасыз ететін болады.
Туристік полицияның негізгі міндеті - туристерді және қонақтарды қызықтыратын мәселелер бойынша кеңес беру, ақпараттандыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету", - делінген хабарламада.
ІІМ атап өткендей, бірінші кезеңде бұл бөлімшелер Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында құрылған.
"Туристік полиция қызметкерлері бейнетіркегіштермен, планшеттермен, рациямен жабдықталатын болады және мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерін, ел тарихын білуі керек, сондай-ақ коммуникабельді және жедел болуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның жекелеген бөлімшелерін шетелдік туристермен жұмыс істеуге мамандандыру бойынша қабылданып жатқан шараларды мақұлдады, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолайлы инвестициялық ахуалдың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті", - деп толықтырды ІІМ.

adimage