Қазақстанда ТЖ жөніндегі мемкомиссия коменданттық сағат енгізу мәселесін қарастырып жатыр

Күні: 16:59, 26-03-2020.

Астана. 26 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстанда төтенше жағдай (ТЖ) жөніндегі мемкомиссия коменданттық сағат енгізу мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Соңғы күндері азаматтардың көшеде жүруіне қатысты шаралардың қатайтылу мүмкіндігіне байланысты жиырмадан астам сұрақ келіп түсті. Аталмыш мәселе мемлекеттік комиссияның қарауында. Комиссия отырысы бүгін өтеді. Оның нәтижесі туралы БАҚ хабардар етіледі», - деді ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бейсенбідегі брифингте.
Бұған дейін әлеуметтік желіде алдағы күндері карантинге жабылған қалаларда коменданттық сағат енгізілуі мүмкін екені туралы хабар тараған еді. ҚазТАГ агенттігі министр Абаевқа коменданттық сағат енгізу мәселесі шынымен де талқыланып жатыр ма, егер талқыланып жатқан болса ол қай қалаларда енгізілуі мүмкін және тәртібі қандай болмақ деген сауал тастады.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 428 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 19 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан та табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген.
Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус жұқтырудың 109 жағдайы тіркелген. 25 наурызда белгілі болғандай, коронавирус жұқтырған екі қазақстандық емделіп шыққан.


Жаңалықтармен бөлісу: