Дүйсенова уақыт белдеуіне қатысты депутаттардың ұсынысына пікір білдірді
Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттардың сағат белдеуін өзгерту бойынша ұсыныстарын қайта қарайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz.
Оның айтуынша, біртұтас уақыт белдеуіне көшу кейінгі 10 жылдан бері айтылып келе жатыр.
«Біз бұл мәселені былтыр талқылап, бір белдеуге көшеміз деп шештік. Қазір депутаттық корпус бұл мәселені тағы көтеріп, талқылап жатыр. Сондықтан олардың ұсыныстарын, бұл ұсыныстарды қалай негіздейтінін қарастырайық», – деді Дүйсенова үкімет отырысында.
«Көшпенділер ойындарына Шымкенттен 85 жастағы қария велосипедпен келе жатыр»
Шымкенттік 85 жастағы Кеңесбек Сейдімбекұлы Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына 1 500 шақырымды велоспиедпен еңсеріп өтіп, жерлестеріне қолдау білдірмек ниетте, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақсақалдың айтуынша, бұл қадам денсаулыққа да пайдалы, әрі елде болып жатқан елеулі шараға үлес қосу – әркімнің азаматтық борышы.
Жолаушыны Шымкенттен жерлестері, шәкірттері мен ұл-қыздары шығарып салды.
«Қаңтар оқиғасында ұрланған қару-жарақ Астанадан табылып жатыр»
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Қаңтар оқиғасында ұрланған біраз қару-жарақ Астана мен Щучинск қалаларынан табылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шілде-тамыз айларында осы екі қала арасында қару-жараққа заңсыз ие болып отырған бір топ адам ұсталған.
«Астанадағы тінту кезінде Қаңтар оқиғасында ұрланған екі «Калашников» автоматы мен 43 оқ-дәрі, Щучинск қаласынан жеті атыс қаруы, төрт тапанша және 1500-ден астам түрлі калибрлі оқ-дәрі табылды», - деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
Байзақтағы жарылыс: қорғаныс министрлігі төрт адамнан Т23 млрд өндіріп алатын болды
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қорғаныс министрлігінің өтінішін қанағаттандырып, төрт әскериден Т23,7 млрд шығын өндіріп беретін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында өрт шығып, салдарынан жарылыстар болды. Жарылыстан 18 адам қаза тапты.
«Қорғаныс министрлігі сотқа берген төрт адамның кінәсін Шымкент гарнизонының әскери соты 2023 жылғы 20 қазанында және Қазақстан Республикасы Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 13 наурызда дәлелдеген», - деп жазған Шымкент соты.
Осылайша, сот төрт адамнан қорғаныс министрлігінің пайдасына Т23 764 530 881 өндіру туралы шешім шығарған.
Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото көзі: ҰҚК