Қазақстандағы 505 елді-мекенге су басу қаупі төніп тұр

Күні: 19:31, 14-03-2019.

Астана. 14 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстандағы 505 елді-мекенге су басу қаупі төніп тұр, деп хабарлады ІІМ ТЖК баспасөз қызметінен.
«Көктемгі қар еруі кезінде су басу қаупі төніп тұрған 505 елді-мекен анықталды. Алматыда (75), Шығыс Қазақстанда (76), Батыс Қазақстанда (72), Ақмолада (46), Ақтөбеде (35), Қарағандыда (33), Қызылордада (31), Қостанайда (52), Павлодарда (14) және Солтүстік Қазақстан (18) облыстарында», - деп хабарлады бейсенбіде су тасқыны кезеңіне азаматтық қорғаныс органдарының дайындығына арналған баспасөз мәслихаты барысында ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин.
Ол атап өткендей, қар суы мен ағын сулардың тұрғындар мен көлік инфрақұрылымына ықпалын төмендету мақсатында 2017 жылдан бастап 2017-2020 жылдарға арналған және 637 шараны қамтыған су тасқыны қауіптерінің алдын алу және жою бойынша жол картасы жүзеге асырылуда.
«Екі жылда 357 шара жүзеге асырылды (2019 жылы 232 шара). 174 қорғаныс бөгеттерінің құрылысы мен нығайтылуы, 119 гидротехникалық құрылғылардың жөндеу жұмыстары, 64 көпірдің өткізгіштік қабілеті арттырылған. Тек соңғы жылдары ғана 240 км. бөгет тұрғызылып, жөнделген», - деді Ильин.


Жаңалықтармен бөлісу: