Қазақстандағы АЭС несиеге салынбақ, Шерзаттың әкесін «хуторлықтар» ұрып, ауруханаға түскені рас па және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 16 маусым. ҚазТАГ – Қазақстандағы АЭС несиеге салынбақ, Шерзаттың әкесін «хуторлықтар» ұрып, ауруханаға түскені рас па және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Желі қолданушысы Төреғали Төреәлінің әрекетіне шағымданды

Желі қолданушысы Сымбат Мақұлованың айтуынша, әкесінің мерейтойына арнайы шақыртылған әнші тойға мас болып келген, деп хабарлайды Аikyn.kz.

«Әкемнің 55 жасына Төреғали Төреәліні шақырдық. Өйткені әкемнің қатарластары Төреғалидың әндерін тыңдайды. Керемет көңіл күй сыйлайды деп ойладық. Бірақ ол ішімдік ішіп келді. Негізі той халал болған. Тіпті, жарты күн ерте келіп, ұйымдастырушылардан вискиге 32 мың төлеуді талап етті. 8 рет вискиге тапсырыс берген. Талабын орындамасақ, сахнаға шықпайтынын айтты. Бір кезде фонограммамен ән айтып, кетіп қалды», – деп жазды ол.

Жазбаның астына бірі Төреғалиды қолдаса, енді бірі тойға әнші шақырмауға кеңес берді.

Қазақстандағы АЭС несиеге салынбақ

Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысы шамамен 10–12 жылға созылады. Құрылыс шамамен 2035–2036 жылдары аяқталуы мүмкін. Оған қоса АЭС құрылысына Ресей жеңілдетілген несие ұсынады, деп хабарлайды Orda.kz.

Атом энергиясы агенттігінің мәлімдеуінше, Қазақстан мен Ресей алғашқы АЭС құрылысы бойынша келісімге келді. Мәскеу жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстанға жеңілдетілген шарттармен экспорттық қаржыландыру ұсынады. Негізгі қаражатқа құрылыс жұмыстары мен ұзақ өндіріс мерзімін қажет ететін жабдықтарды, реактор, бу генераторлары мен негізгі сорғылар сатып алынады.

Сонымен қатар, агенттік құрылысқа отандық материалдарды пайдалану және арнайы даярлықтан өткен жергілікті мамандарды тарту көзделіп отырғанын атап өтуде.

«Қажетті құрылыс материалдары мен мамандар Қазақстанда бар кезде, оларды Ресейден әкелуге еш негіз жоқ. Сондай-ақ, «Росатом» ұсынған бастапқы баға жария етілмейді, себебі бұл коммерциялық құпия», — деп түсіндірді агенттік.

Ерлан Қарин елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық азайғанын айтты

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин еліміздегі зорлық-зомбылық пен балалар арасындағы буллинг көрсеткіштері едәуір төмендегенін айтты, деп хабарлайды El.kz.

Тұрмыстағы зорлық зомбылыққа қарсы заңның қабылданғанына бір жыл толды. Яғни, президент 2024 жылы 15 сәуірде қол қойған Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы заң былтыр осы күні күшіне енген.

Қариннің айтуынша, қабылданған заңның және мемлекет жүзеге асырып жатқан нақты шаралардың нәтижесінде Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғаудың озық заңнамалары мен тиімді жүйесі қалыптасты. Нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері едәуір азайды. Мысалы, жыл басынан бері құзырлы органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түскен арыздардың саны былтырғы осы уақпен салыстырғанда 20,5%-ға төмендеді.

«Бұған қоса ауыр және аса ауыр сипаттағы тұрмыстық қылмыстың саны азайған. Жыл басынан бергі бес айда аса ауыр тұрмыстық қылмыс 44%-ға, ауыр отбасылық-тұрмыстық қылмыс 29%-ға төмендеген. Сонымен қатар, бес айда кәмелет жасына толмағандарға қарсы жасалған жыныстық сипаттағы қылмыс саны 21,3%-ға, педофилияға қатысты қылмыс саны 40,7%-ға азайған. Жалпы, мемлекет тарапынан қолға алынған ұйымдастыру шаралары мен құқықтық шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда әйелдердің құқықтарын бұзған қылмыс саны екі есе азайған», - дейді мемлекеттік кеңесші.

Шерзаттың әкесін «хуторлықтар» ұрып, ауруханаға түскені рас па?

Адвокат Мейірман Шекеев марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты сот үкімінен кейін «хуторлықтар» ұрып, ауруханаға түсті деген желіде тараған ақпаратқа қатысты жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Қазіргі уақытта Қаржаубайға қатысты әлеуметтік желіде шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар тарап жатыр. Аллаға шүкір, Қаржаубай аман-есен, дін аман. Оған ешкім зиян келтірген емес. Сол себепті мұндай ақпараттарға сене бермеңіздер. Желіде өзге де жалған ақпараттар тарап жатыр. Біз осыған қатысты жақында түсініктеме береміз», - деді Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage