Қазақстандағы америкалық сауда миссиясы 24-25 қазанға жоспарланған

Күні: 14:36, 12-10-2018.

Астана. 12 қазан. ҚазТАГ – Қазақстандағы америкалық сауда миссиясы 24-25 қазанға жоспарланған, деп хабарлады ҚР ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен.  
Баспасөз қызметінің ақпарынша, Қазақстан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Вашингтонға жұмыс сапары барысында америкалық әріптестермен ынтымақтастық жәйі, бұдан бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру және Штаттың санкциялық саясаты сынды бірқатар мәселелерді талқылады.
Мәселен, АҚШ Коммерциялық министрі У.Росспен кездесу барысында сауда-экономикалық өзара әрекеттестікке қатысты ауқымды мәселелер талқыланды.
«АҚШ Коммерция министрі америкалық сауда миссиясының басқаруымен 24-25 қазандағы Астана және Алматы қалаларына өзінің алдағы сапары барысында екі елдің іскерлік тобының арасындағы нақты келісімшарттарға қол қойылып, екіжақты келісімдерге қол жеткізудің сәті түсетініне сенім білдірді. У. Росс сондай-ақ Қазақстандағы зияткерлік меншік құқығын нақты іске қосуға қатысты прогрессті оң бағалады», - делінген хабарда.
Бұдан басқа, 2020 жылы Қазақстан Республикасында ДСҰ Министрлік конференциясын (ДСҰ басқармасының жоғарғы органы) өткізуді есепке алғанда, жаһандық сауда шарттарын жақсарту, халықаралық сауда жүйесі тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша сарапшылық деңгейде пікір алмасу және тұрақты диалог орнату туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Америкалық тарап бірқатар елдерге қарсы экономикалық санкциялардың АҚШ-тың маңызды әріптесі – Қазақстан Республикасына қатысы жоқтығына сендірді. Сонымен қатар, санкциялардың Қазақстан экономикасына ықтимал экономикалық әсерін азайтуға бағытталған белсенді диалогты қолдау туралы нақты уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстанның ЭЫДҰ-ға ықтимал мүшелігін ілгері жылжыту және еліміздің Ұйымның бірқатар комитеттеріндегі мәртебесін көтеруді талқылау барысында америкалық тарап аталған бағытта жәрдем көрсетуге дайын екендігін білдірді.
ҚР ҰЭМ басшысының АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілдерімен кездесуі барысында АҚШ санкцияларының ықтимал әсері талқыланып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу мен өндіру саласындағы жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірілді. Екі ведомство тарапынан да бұл мәселелер бойынша тұрақты және белсенді пікір алмасуды қолдайтын жауапты тұлғалар белгіленді.
Сонымен қатар, Сенаттағы түрлі санкциялық заң жобаларын қарау кезінде Қазақстанның ұлттық экономикалық мүддесін, сондай-ақ Қазақстандағы америкалық инвесторлардың мүдделерін ескеру қажеттігі атап көрсетілді.


Жаңалықтармен бөлісу: