Қазақстандағы колледж студенттерінің үш мамандық алу мүмкіндігі болады

Күні: 16:30, 21-10-2019.

Астана. 21 қазан. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Қазақстандағы колледж студенттерінің бір оқу кезеңі аясында бір-біріне жақын үш мамандық алу мүмкіндігі болады, деп хабарлады ҚР білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Халықаралық талаптар негізінде, соның ішінде WorldSkills негізінде техникалық және кәсіби (ТжКБ) білім беру саласында кадр дайындау сапасын арттыру үшін студенттер үшін де және еңбек нарығы үшін де ыңғайлы модульдік-құзырлы бағдарламалар дайындалды. Енді колледж студенттері бір оқу кезеңі аясында бір-біріне жақын үш мамандық алып, оқуларын тәмамдағасын еңбек нарығында сол үш мамандықтың әрқайсысы бойынша жұмыс жасай алатын болады. «Барлығына арналған тегін ТжКБ» жобасын жүзеге асыру аясында жыл сайын 98 мың орынға мемтапсырыс бөлінеді, соның ішінде 21 мың орын республикалық бюджеттен», - деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дүйсенбі күні 2016-2019 жылдарға арналған ҚР білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу қорытындысы туралы мәжілістегі үкімет сағатында.
Сондай-ақ, ол ТжКБ-ге «Жас маман» жобасының да үлкен қолдау көрсететінін айта кетті, оның аясында 180 колледж бен 20 ЖОО базасында үш жылда жаңа стандарт бойынша 200 мыңнан астам маман дайындалып, 15 мыңнан астам оқытушы біліктілігін арттырады.
Еске салсақ, екі апта бұрын «Жас Маман» жобасы мәжілісмендердің сынына іліккен еді. Белгілі болғандай, оның жүзеге асырылуы сұрақ туғызған, себебі БҒМ нормативті құжаттарды уақытылы дайындай алмады.


Жаңалықтармен бөлісу: