Қазақстанда жарты жылдың ішінде қаңғыбас иттер кәмелетке толмаған 80-нен аса баланы талап тастаған, оның 3-і қаза болды

   Астана.6 желтоқсан.ҚазТАГ- Қазақстанда жарты жылдың ішінде қаңғыбас иттер кәмелетке толмаған 80-нен аса баланы талап тастаған, оның 3-і қаза болды, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
   «Биыл жарты жылдың ішінде қаңғыбас иттер кәмелетке толмаған 81 баланы талап тастаған, үш бүлдіршін қайтыс болды. Үш бүлдіршін қайтыс болды. Қайғылы жағдайлар Ақтөбе және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында тіркелді»,- деп жазды Оспанова әлеуметтік желідегі парақшасында.
   "Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы органдар жауапты. Олар осы сынды оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында дереу шаралар қолдануға міндетті. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, қажетті қадамдар жеткіліксіз болып көрінеді. Қайғылы оқиғалар туралы хабарламалар әлі де келіп түсуде және оны елемеуге болмайды. Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осындай жағдайлардың алдын алу үшін күш біріктіру қажет", - деп атап түйіндеді комитет басшысы.
   Қазіргі жағдай балаларға, әсіресе, әлеуметтік осал отбасыларда тәрбиеленетін бүлдіршіндердің өмірі мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіріп отыр. Комитет қаңғыбас иттерді бақылау шараларын күшейтуге үндеді. Осыған байланысты бірнеше ұсыныс жасап отыр. Олар:
   - дрондар мен пилотсыз машиналар сияқты заманауи инновациялық технологияларды қолдана отырып, әр түрлі аудандар мен қалалардағы қаңғыбас иттердің шоғырлану орындарын үнемі бақылау;
   - өңірлердің әкімдіктері мен мәслихаттары отырыстарының күн тәртібіне ветеринариялық қызметтерді қаржыландыру туралы мәселелерді енгізу;
  - осы сынды фактілер бойынша мемлекеттік органдардың сенім телефондары мен "жедел желілері" арқылы азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдауды ұйымдастыру.

adimage