Қазақстанда жеделсаты өндірісін жолға қою керек – депутат

Астана. 16 қазан. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Қазақстанда жеделсаты өндірісін жолға қою керек, деп санайды ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Владислав Косарев.
«Жеделсатылардың отандық үлгісінің өндірісін жолға қою және қазіргі таңда жұмыс жасамай тұрған үш отандық зауытта жеделсатылар жасау арқылы ескілері мен жұмыс жасамайтындарын ауыстыру керек», - делінген сәрсенбі күні ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың атына жолданған Косаревтің депутаттық сауалында.
Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, бүгінде жеделсаты шаруашылығымен кімнің айналысатыны түсініксіз.
«Монтаж жасау, техникалық қызмет көрсету, жөндеу жұмыстары осы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған белгісіз заңды тұлғаларға жүктелген, монтаж, бақылау, жеделсатыларды пайдалану бір-бірімен байланыспаған, бұл салада бірыңғай ұлттық стандарт құрылмаған», - деп мәлімдеді Косарев.
Парламентарий үкіметке қалаларда жеделсатылардың монтаж жұмыстарын, пайдалануға берілуін, профилактикасын қамтамасыз ететін әрекетке қабілетті және мықты ұйымдар құруды ұсынды, бұл ретте сервистік мекемелердің басқа қалаларда орналасуын болдырмау, жеделсаты шаруашылығы басқармасы үшін жергілікті органдардың жауапкершілігін арттыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды айтты.
Еске салсақ, 10 қазанда ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің МА Қайырбек Өскенбаев Қазақстанда жеделсатыларды ауыстыру мен олардың күрделі жөндеуіне шамамен Т40 млрд керектігін мәлімдеген еді.
«Біз елімізде бар барлық жеделсатыға мониторинг жүргіздік. Елімізде 22 476 жеделсаты бар, оның 22 998 – яғни 23 мыңдайы – жолаушылар жеделсатысы, олардың ішінде 4400-ін ауыстыру керек болса, 1600 – не күрделі жөндеу қажет. Ол жұмыстардың шамамен құны – біз РБК (республикалық бюджеттік комиссия – ҚазТАГ) енгіздік – шамамен Т40 млрд», - деп мәлімдеді Өскенбаев бейсенбі күні ҚР парламенті сенатына "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы жобасының таныстырылымында.


adimage