Қазақстанда желтоқсан айының соңында мал, картоп және сәбізді шетелге шығаруға тыйым салынады

     Астана. 30 қараша. ҚазТАГ-Қазақстанда желтоқсан айының соңында мал, картоп және сәбізді шетелге шығаруға тыйым салынады, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
      "25 қарашада сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті, онда мал, картоп және көкөніс әкетуге тыйым салу мәселелері қаралды. Нәтижесінде ВАК барлық жыныстық және жас топтарының ірі және ұсақ малдарын (ІҚМ және ҰМ) алты айға, сондай - ақ үш ай мерзімге картоп пен сәбізді Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге толық тыйым салуды енгізуді мақұлдау туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі сейсенбі күні.
  Ведомствода нақтылағандай, қазіргі уақытта ішкі нарықта ІҚМ және ҰҚМ етіне бағаның өсуі байқалады.
  "Ағымдағы жылдың қараша айында республика бойынша сиыр етінің бағасы бір кг үшін орташа есеппен Т2239 құрады, жыл басынан бері баға 15% - ға немесе Т292-ге өсті. Қой етінің орташа бағасы 21% - ға (Т419) өсті және кг үшін Т2409 құрады, бұл ретте ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 50% - ға төмен деңгейде қалып отыр, ағымдағы жылдың 10 айында 173 мың тонна ет өңделді, бұл ет өндірісінің жалпы көлемінің небәрі 18% - ын құрайды", - делінген хабарламада.
  Сондай – ақ, АШМ мәліметінше, тірі жануарлардың-бұқашықтар мен қошқарлардың экспорты артқаны байқалады.
  "Ағымдағы жылдың 10 айында 161 мың бас ІҚМ шығарылды немесе 2020 жылдың деңгейінен 5,6 есе артық, ҰММ шығару 6,7 есе артып, 112 мың ҰММ басын құрады. Осы жылдың соңына дейін 200 мыңға жуық ірі қара мал шығарылуы мүмкін. Қалыптасқан жағдай ет және ет өнімдері бағасының өсуінің жаңа кезеңінің катализаторы болуы мүмкін", - деп санайды ауыл шаруашылығы министрлігі.
  Сонымен қатар, "ағымдағы жылы картоп пен сәбізден жиналған өнім ішкі тұтыну және экспорттық әлеуетті сақтау үшін жеткілікті" деп сендірді ведомство.
  "Алайда, көрші елдерде көкөніс өнімдері мен картоптың өнімділігі төмен екенін атап өткен жөн, бұл ішкі нарықтағы бағаларға жоғары сұраныс пен қосымша қысым әкеледі. Осы объективті көрсеткіштерге сүйене отырып, ішкі нарықтағы тапшылықты болдырмау және бағаны тұрақтандыру үшін ВАК Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара мен ұсақ малды, картоп пен сәбізді әкетуге тыйым салуды мақұлдау туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.
  Бұл ретте, АШМ ақпараты бойынша, "сыртқы экспорттық өткізу нарықтарын сақтаудың маңыздылығын ескере отырып, шектеулер желтоқсан айының соңында күшіне енетінін назарға ала отырып, министрлік бір ай ішінде ағымдағы жағдайға күнделікті мониторинг пен талдауды жүзеге асыратын болады".
  "Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша салалық қауымдастықтармен және одақтармен талқылау және консультациялар түрінде бірлескен жұмыс жүргізілуде. Ішкі нарықты қамтамасыз ету бойынша жағдай тұрақтанған жағдайда шектеу шараларын жою мәселесі қаралады", - деп толықтырды ауыл шаруашылығы министрлігі.


adimage