Қазақстандық ғалымдар бие сүтін «жасартатын эликсир» жасауға пайдаланбақшы

Күні: 11:51, 16-10-2014.

Астана. 16 қазан. ҚазТАГ - Қазақстандық ғалымдар геропротектор (қартаюдан қорғаушы) жасау үшін бие сүтін пайдаланбақшы, деп мәлімдеді Қазақ тамақтану академиясының президенті  Төрегелді Шарманов.
«Бие сүті пайдалы қасиеттеріне қатысты өз бағасын әлі алған жоқ. Оның құрамында сирек кездесетін химиялық элементтер бар, ол дәрумендерге, минералды заттарға және ферменттерге бай. (…) Қазақ тамақтану академиясы көп жылғы зерттеулер нәтижесінде бие сүті мен қымызды өкпе туберкулезіне, темір тапшылығы анемиясына, жүрек-қан тамырлар жүйесінің ауруында, қатерлі ісік - онкологиялық ауруларға қарсы күреске бағытталған емдік-профилактикалық зат ретінде қолдануды ғылыми негізде дәлелдеп,  ұсынып отыр», - деді Т.Шарманов бейсенбіде мемБАҚ-қа берген сұхбатында.  
Оның айтуынша, бие сүті ағзаға тез сіңірілуіне байланысты оны асқазан-ішек ауруларында, бауыр ауырғанда қолдануға болады, ал оның вирусқа, бактерияларға қарсы тұруының тиімділігінің арқасында оның жұқпалы аурулардан қорғануда, иммунитетті арттыруда да пайдасы зор.  
«Соңғы зерттеулер нәтижесі де қызығушылық тудырып отыр, соңғы зерттеу барысында бие сүтінен бром секілді химиялық элемент анықталды, ол бие сүтінің ұйқысыздық, депрессия-жабығу тағы басқа секілді жүйке жүйесі ауруларында қолданудың тиімділігін көрсетеді.  Қазіргі таңда біздің Қазақ тамақтану академиясының қабырғасында геропротекторлар, яғни қартаю үрдісін бәсеңдетіп, өмір сұру ұзақтығын арттыратын заттар жасау бойынша жұмыстар жүрізілуде», - деді академия басшысы.
Сонымен қатар   Т.Шарманов қымыздың ұлттық тағам екенін де атап өтті. Академия басшысы қымыздың тек қазақтарда ғана емес, басқаларда да барын, бірақ ұлттық брендті жасау барысында биелердің тұқымы  мен жайылымды ескеру қажеттігін түсіндірді.
«Біз мұны бренд жасау барысында ескеруіміз керек, бізде жабы деп аталатын қазақ жылқыларының байырғы тұқымы өсіріледі.   (…) Біздің қымыздың басқаларынан айырмашылығы жылқылардың тұқымында жатыр, және қымызды дайындаудың ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан байырғы дәстүрлі технологиясы да өзгерген жоқ», - деді  Т.Шарманов.
Т.Шарманов қазіргі таңда Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жоба аясында Қарағанды мен Астана арасында 45 шаршы шақырым алаңда биенің құрғақ сүтін шығаратын зауыт құрылысы жүріп жатқанын еске салды. Зауыт шаруашылығында 300 бие сауылатын болады.  
Академия басшысы атап өткендей, жоба аясында жүзеге асырылып жатқан зерттеулердің көбі бие сүті негізінде ана сүтін алмастырғыштар мен мектеп жасындағы балалардың тағамдарын дайындауға арналған.  Жобаны жүзеге асыру барысында жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті арттыратын, туберкулезге, онкологиялық ауруларға қарсы тұратын, сондай-ақ жүйке жүйесі ауруларының кешенді терапиясында қолданатылатын тиімді зат түріндегі 10 түрлі пайдалы тағам шығарылатын болады.  


Жаңалықтармен бөлісу: