Қазақстандық ауыр атлет Денис Улановқа Риода өткен Олимпиада-2016 қола жүлдесі табысталды

Астана. 8 қараша. ҚазТАГ – Ашхабадта өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Денис Улановқа 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдесі табысталды деп хабарлайды, Olympic.kz.
«Дениске Олимпиада жүлдесі екі жылдан кейін бұйырды. Ауыр атлетиканың беткеұстар мамандары жиналған басқосуда қазақстандық зілтемірші өзіне тиесілі медальді еншіледі. Улановқа Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аянның өзі қола жүлдені тапсырды», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Риодағы Олимпиада ойындарында Денис Уланов 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, төртінші орынға табан тіреген болатын. Қоссайыс қорытындысы бойынша біздің спортшы 390 келіні еңсерді. Румыниялық Габриель Синкарян да дәл осы нәтижені тіркеген. Алайда, салмағының жеңілдігіне байланысты қола жүлде Синкарянның қоржынында кеткен.
Кейін Синкарянның Олимпиада ойындарында тапсырған допинг сынамасы оң нәтиже бергені анықталды. Румын атлеті спорттан шеттетіліп, оның Олимпиададағы көрсеткіші жоққа шықты. Осылайша, қола медаль ресми түрде Денис Улановқа табысталды.
Қазақстанның ҰОК Халықаралық олимпиада комитетіне  IWF шарасында салтанатты шара өткізу ұсынысымен хат жолдады. Нәтижесінде ХОК мен IWF 2018 жылдың 7 қарашасында әлем чемпонаты кезінде марапаттау туралы шешімге келді.  
«Бұл жүлдені тұтастай екі жыл күттім. Әрине, Олимпиада тұғырында тұрғандай сезім болған жоқ. Десе де, бұл сәтті де жақсы орайластырып, еліміздің туын көкке көтерді. Мұның бәрі жақсы әсер қалдырды», - деді Д.Уланов.
Ашхабадтағы әлемдік сында Уланов 89 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, В тобында өнер көрсетті. Жарақатына қарамастан 352 келіні көтерген жерлесіміз жалпы есепте 14-ші орынға тұрақтады.
Ол 2020 жылғы Олимпиада ойындарының фавориттері қатарында.
.

adimage