Қазақстандық БАҚ Арыстың із-түссіз жоғалып кеткен 350 тұрғыны туралы хабарды жаппай өшіруде

Алматы. 26 маусым. ҚазТАГ – Қазақстандық БАҚ Арыстың із-түссіз жоғалып кеткен 350 тұрғыны туралы хабарды жаппай өшіруде, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Қазіргі таңда аталмыш хабарды онға жуық БАҚ өшірді, оның жартысы - танымал республикалық басылым. Аталмыш ақпарды өшіргендердің толық тізімі ҚазТАГ агенттігінде бар. Сонымен қатар 350 тұрғынның із-түссіз жоғалуы туралы ақпардың түпнұсқасы Түркістан облысының өңірлік басылымында да жоғалып кетті, республикалық БАҚ осы мақалаға сілтеме жасай отырып, аталмыш ақпарды таратқан болатын. Сонымен қатар Google де әзірге тек аталмыш ақпарды таратқан сайттар тізімін ғана беріп отыр.
Атап өтелік, із-түссіз жоғалғандар туралы материал шыққан бойдан көптеген қазақстандық БАҚ-та материал жариялауда кедергілер пайда болды: сайттар жұмыс жасамай қалды немесе күні мен сағаттары өзгеріп кетіп жатты. Осындай проблемаға ҚазТАГ ХАА редациясы да тап болды. ҚазТАГ сайты орналасқан компания да техникалық ақаулар туралы хабарлады.
Сондай-ақ, Арыстың 350 тұрғынының із-түссіз жоғалуы туралы алғашқы хабар пайда болғаннан кейін ғаламтордың қазақстандық сегментін қолданушылар да әлеуметтік желіде қиындықтар туындағанын айтуда.
Бұған дейін Түркістан облысының өңірлік басылымының бірі «Ақ мешіт» мешітінде өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері «Арыс» қаласының жоғалып кеткен тұрғындарының есебін жүргізуде деп хабарлаған еді.
«Туыстарын іздестіруге және оларды Шымкент қаласына жіберуге көмектесуде. Қазіргі таңда 350 адам із-түссіз жоғалғандар қатарында», - делінген хабарда.
Соңғы сөйлем қазіргі сәтте материалдың түпнұсқасынан өшірілген.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, 24 маусымда сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жағдай ішкі істер органының бақылауында.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімдігінде әкімдік жанынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Түркістан» корпоративті әлеуметтік даму қорының құрылғанын айтты.
ҚР ІІМ ақпарынша, ТЖ салдарынан екі адам қаза тапқан, 165 адам зардап шеккен.
ІІМ ақпарынша, қаладан шамамен 41 мың халық эвакуацияланған, периметрі бойынша блокбекеттер қойылған, себебі үйлерге зақым келуде, сондай-ақ, жарылмаған снарядтар да бар, қалаға кіруге тыйым салынған, кіретін және шығатын көліктер тексерілуде.
Бұған дейін хабарланғандай, оқиға орнында тоғыз минасыздандыру тобы жұмыс жасап жатыр.
Сондай-ақ, құтқарушылар әскери бөлім аумағында жарылыстың тоқтағаны туралы мәлімдеді.
Бұл ретте ТЖК әлі де жарылыс қаупі сақталып отырғанын атап өтті. 26 маусымда Түркістан облысының әкімдігі әскерилердің 16 көшеден 70 жарылмаған снарядтты жинағанын, әлі де көбінің үйлерде жатқанын айтты.
Соңғы ақпар бойынша, 70 адам медициналық көмекке жүгінген, 45-і ауруханаға жатқызылған, үш адам көз жұмған.
.

adimage