Қазақстандық бизнесмендер жаңа жағдайдағы бәсекелестікке дайын болы керек - Назарбаев

Күні: 14:35, 18-11-2014.

Астана. 18 қараша. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы Тимур Құлыбаев және палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовпен кездесті, деп хабарлады президент баспасөз қызметінен.
Осыған орай Ақорданың ресми сайтында сейсенбі күні жарияланған хабарда айтылғандай, президиум төрағасы Тимур Құлыбаев және басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов кездесу барысында Елбасыға Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылған кезден бергі қызметінің нәтижелерін баяндады, сондай-ақ отандық бизнестің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне зор көңіл бөлетінін және бұл бағытта жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіп отырғанын айтты.
«Биыл бизнесті тексеруге жарияланған мораторий аяқталады. Ал келесі жылдың 1 қаңтарынан Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастайды, соған орай біздің бизнесмендерге жаңа жағдайдағы бәсекелестікке дайындалған  жөн. Сонымен қатар, Қазақстанда бизнестің дамуына «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты кеңінен жол ашады. Әрбір кәсіпкер өз өрісін тауып, нарыққа «орналасуы» тиіс, ал Ұлттық палата мен мемлекет өз тарапынан соған қажетті барлық жағдайларды жасауы керек. Осы шаралар жаңа кәсіпкерлік құрылымдар мен бизнесте жаңа тұлғалардың пайда болуына септігін тигізеді деп үміттенемін», – деді Қазақстан Президенті.
Т.Құлыбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметін дамыту мен нығайтуда көрсеткен қолдауы үшін Елбасыға ризашылығын білдірді.
«Ұлттық палатаның барлық басқару органдары, атап айтқанда, президиумы және басқармасы, сондай-ақ облыстағы өңірлік дирекциялары құрылып, жұмыс істеуде. Президиумның комитеттерінде жұмыс салалық және өңірлік қағидаттар бойынша жолға қойылған. Бас прокуратурамен тығыз байланыс орнатылған. А.Дауылбаев облыстық прокуратуралардың басшыларымен тоқсан сайын селекторлық кеңес өткізеді, онда кәсіпкерлердің арыздары қаралып, қажетті шаралар қабылданады», – деді Президиум төрағасы.
Сондай-ақ Ұлттық палатаның қызметі бірқатар бағыттарды қамтитыны, соның негізгілері бизнес-ортаны жетілдіру, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талдау, адами капиталды дамыту, бизнестің қаржы ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз ету екені де айтылды.
А.Мырзахметов Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы дер кезінде жарияланғанын атай отырып, оны бизнес қауымдастық үлкен ынтамен қабылдағанын атап өтті.
«Мемлекеттің қажетті қолдау көрсететініне кәсіпкерлердің сенімі нығайды. Олар қазір салмақты әрі үлкен жұмысқа әзірленуде. Біз үшін басымдығы бар мәселелердің бірі бизнес құқығын қорғау болып саналады. Бүгінгі таңда бізге осы мәселе бойынша 3,5 мыңнан астам арыз келіп түсті, соның әрқайсысы да тіркеліп, тиісінше жұмыс жүргізілуде. 1 қаңтардан бастап жоспарлы тексерудің орнына тәуекелді бағалау жүйесі қолданылады. Біз барлық кәсіпкерлерді қалған бір жарым айда әзірленіп, құжаттамаларын тәртіпке келтіруге және бекітілген нормалар мен талаптарды жоспарлы тексеріс жоқ кезде сақтауға шақырамыз», – деді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының  төрағасы.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша қаралған мәселелерге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Жаңалықтармен бөлісу: