Қазақстандық әскери дәрігерлер жарылыстан зардап шеккендерге көмек көсету үшін Бейрутке келді

Астана. 10 тамыз. ҚазТАГ – Қазақстандық әскери дәрігерлер жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Бейрутке келді, деп хабарлады ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасағы межеленген пунктке аман-есен жетті.
Бейрут халықаралық әуежайында жасақты Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Ержан Қалекенов, Ливан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілі бригадалық генерал Аби Карам және Ливан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Али Дирани қарсы алды», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Ливан СІМ өкілі атап өткендей, «Ливанға көмек көрсетудегі Қазақстанның бұл игі ісін бағалайды және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін шын жүректен ризашылығын білдіреді».
Ведомствода еске салғандай, ағымдағы жылдың сәуір айында төтенше жағдай кезінде елде коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақтар құрылды.
«Олар жедел әрекет етуге және Қарулы Күштер қолбасшылығының арнайы міндеттерін орындауға арналған. Әскери дәрігерлер еліміздің түрлі аймақтарында тапсырмаларды орындады және қазір ел басшылығының тапсырмасы бойынша Ливан халқына медициналық көмек көрсету үшін алға шықты», - деп хабарлады ҚР қорғанысминінен.
Еске салсақ, 4 тамызда Ливан ӘТК базасы маңындағы Бейрут теңіз айлағы ауданында күшті жарылыс болды. 150-ден астам адам қаза тауып, 5 мыңнан астамы жарақат алды.
Ливандағы қазақстандық дипломаттардың ақпарынша, жақын маңдағы үйлер, сондай-ақ жарылыс ошағынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан ғимараттардың әйнектері сынған. Жергілікті биліктің алдын-ала ақпары бойынша теңіз портында пиротехника тиелген кеме жарылған. ҚР СІМ ақпарынша, жарылыс салдарынан Қазақстан елшісі жарақаттанған. Ливанда қазақстандық бітімгерлік құрам жүр, СІМ нақтылағандай - барлық қазақстандық бітімгерлер аман-есен.
7 тамызда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бейрутте зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін әскери дәрігерлерді жіберуді тапсырды.
8 тамызда ертеңгісін 28 әскери дәрігер мен төрт аудармашы Ливанға Бейрут портындағы жарылыстан зардап шеккендерге медкөмек көрсету үшін жөнелтілді.


adimage