Қазақстандық әскерилер альпинистерді іздеп, Қырғызстандағы Жеңіс шыңын шолып шықты

Күні: 15:43, 20-08-2019.

Астана. 20 тамыз. ҚазТАГ – Қазақстандық әскерилер альпинистерді іздеп, Қырғызстандағы Жеңіс шыңын шолып шықты, деп хабарлады ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Қазақстан әскерилері Қырғызстанда Жеңіс шыңын тепловизормен шолғындап, айнала ұшып шықты. Қазіргі уақытта олар базалық лагерьде. Тепловизордың көмегімен алынған ақпаратты өңдеп жатыр. Содан кейін олар бұдан әрі қалай әрекет етуге шешім қабылдайды», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Өз кезегінде ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов нақтылағандай, таңертеңгі сағат 09-30- ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты «Қазавиақұтқару» мекемесінің МИ-171 борты «Оңтүстік Инылчек» базасына жеткен.
«Бір жарым сағат бойы (сағат 10-00-ден 11-30-ға дейін) альпинистер мен жоғалғандардың туыстары мінген борт тепловизор көмегімен 5 200-6 400 метр биіктікте іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізді. Іздеу зардап шеккен альпинистердің болуы мүмкін ауданда жүргізілді. Қазіргі уақытта еш нәтиже жоқ», - деп хабарлады ТЖК ресми өкілі.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін сағат 08.57-де ҚР ІІМ ТЖК «Қазавиақұтқару» Ми-171 борты Алматы облысы Қарқара альпинистік лагерінен іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Қырғыз Республикасына ұшып шықты. Тік ұшақ бортында үш әскери альпиинист бар, олар Чаркудык базасына дейін жеткізіледі. Ары қарай жаяу жолмен көтеріледі. Іздестіру жұмыстарына қырғыз альпинистерінің тобы қосылады
Еске салсақ, 19 тамызда белгілі болғандай, Қазақстандық әскерилер Қырғызстан тауларында жоғалған қазақстандық альпинистерді іздестіру бойынша құтқару операциясын бастаған. Құтқарушылар тобында белгілі альпинист- капитан Мақсұт Жумеев бар. Сонымен қатар майор Аманжол Рахметов те жүр. Операцияға аға лейтенант Василий Пивцов жетекшілік етуде.
ҚР СІМ хабарлағандай, Қырғызстан мен Ресей альпинистері де Тянь-Шань тауларынан қазақстандықтарды іздестіруге қосылған.
Сонымен қатар ҚР қорғаныс министрлігі ауа райының қолайсыздығынан Тянь-Шаньда қазақстандық альпинистерді іздестіру жұмыстарының уақытша тоқтатылғанын хабарлаған еді. Қазақстанның әскери альпинистер тобы қорғаныс ведомствосының ақпарынша, 19 тамызда толық құрамда 2,2 мың м. биіктіктегі базалық лагерьге қайта оралып, ауа райының жақсаруын күтулеріне тура келген.


Жаңалықтармен бөлісу: