Қазақстандық спортшы Ыстық Көлді аз уақыт ішінде жүзіп өтті

Күні: 18:32, 06-08-2020.

Алматы. 6 тамыз. ҚазТАГ – Қазақстандық спортшы, Токиодағы Олимпиада ойындары лицензиясының иегері, бірнеше дүркін Азия чемпионы Виталий Худяков Ыстық Көлді аз уақыт ішінде жүзіп өтті, деп хабарлады ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметінен.
«Худяков бесінші тамыз күні Шолпан-Ата уақытымен 5:15-те жүзуді бастап, Каджи-Сая жағажайына жетті. Судың темпертаруасы 18-19 градус, ал жалпы қашықтық 56 шақырым. Ыстықкөлдегі ең терең жер 523 метрді құраған. Жалпы алғанда, Виталий Худяков Ыстықкөлді 13 сағат 18 минутта жүзіп өтті. Аталған уақыт пен қашықтықты Қырғызстан жүзу федерациясының өкілі Ахмет Анарбаев тіркеген», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Жүзгіш қуанышымен отандастарымен бөлісті.
«Мұндай нәтиже көрсеткеніме қуаныштымын. Дайындық бекерге кетпеді. Келесі жылы өтетін Олимпиада ойындарында жанкүйерімді қуантамын деген үміт бар», - деді Худяков.
Спортшының әкесі әрі жеке бапкері Евгений Худяков оның жүзуін бірнеше рет тоқтатқысы келгенін айтады.
«Шынымды айтсам, жүзу кезінде Виталиді төрт рет тоқтатқым келді. Өйткені, ұлым үшін қатты уайымдадым. Бірақ ол соңына дейін шыдап, есте қаларлық нәтиже тіркеп отыр. Дайындықты жазда, қысқа шақырымдардан бастадық. Жүзу басталатын күні Виталий бәріне де дайын болды. Сол себепті, осындай жетістікке жетіп отыр. Оның бұл көрсеткішімен мақтанамын, келесі жылы Олимпиада ойындарында жанкүйерлерді қуантамыз деп сенемін», - деді спортшының жаттықтырушысы.
Хабарда нақтыланғандай, Виталий Худяков Ақтөбе облысының атынан сынға түседі. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол төрт рет Азия чемпионатында топ жарған (2013, 2017, 2018, 2019). Сондай-ақ, 2014 және 2016 жылдары Виталий Худякоы Жағажай ойындарында жеңіске жеткен. Әлем чемпионатындағы ең үздік нәтижесі – жетінші және тоғызыншы орын. 2016 жылы Рио Олимпиадасында бақ сынады. Қазіргі сәтті Худяковтің қоржынында Токио Олимпиадасының жолдамасы бар.


Жаңалықтармен бөлісу: