Қазақстандық спортшы Жанбота Алдабергенова фристайл-акробатикадан әлем кубогінің кезеңінде күміс медаль иеленді

Астана. 3 желтоқсан. ҚазТАГ – Қазақстандық спортшы Жанбота Алдабергенова фристайл-акробатикадан әлем кубогінің кезеңінде күміс медаль иеленді, деп хабарлады Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметінен.
«Жанбота Алдабергенова әлем кубогі кезеңінің күміс жүлдегері атанды. Финляндияның Рука аймағында фристайл-акробатикадан әлем кубогінің алғашқы кезеңі басталды. Әйелдер арасынан қазақстандық спортшы Жанбота Алдабергенова жүлдегерлер қатарынан көрінді. Финалда ол 80,04 ұпайымен жарысты екінші орынмен аяқтады», - делінген хабарда.
Жарыс нәтижесі бойынша, қытайлық Кун Фаньюй топ жарса, оның командаласы Шао Кью үздік үштікті қорытындылады.
Айта кетерлігі, бұл фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының жаңа маусымдағы алғашқы жарысы.

adimage