Алматы. 21 қаңтар. ҚазТАГ – Еgov порталындағы зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы sms-хабарлама көмегімен білуге болады, деп хабарлады «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметінен.
«2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап кез келген салымшы (алушы) бір реттік SMS-парольді қолдана отырып, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме ала алады. Бұл үшін салымшы (алушы) электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдайды. Содан кейін mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының (алушының) ұялы телефонына бір реттік SMS-пароль жіберіледі», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, көрсетілген мерзімнен бастап Қазақстан Ұлттық банкі басқармасының қаулысы күшіне енеді, соған сәйкес «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық табысты ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі электрондық үкімет порталында енді электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегінсіз де қолжетімді болады.
«Бүгінде зейнетақы жинақтарының жай-күйін мынадай бірнеше тәсілмен білуге болады: БЖЗҚ кеңсесіне тікелей келіп өтініш жасау; дәстүрлі пошта байланысы; электрондық тәсіл, оның ішінде: БЖЗҚ-ға ұсынылған жеке электрондық мекенжай; логин және құпия сөз немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, БЖЗҚ порталындағы жеке кабинет; электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы. Соңғы хабарлау тәсілін қолдану үшін тек электрондық цифрлық қолтаңба қажет болатын», - делінген хабарда.
ҚазТАГ хабарлағандай, БЖЗҚ 2018 жылдың 11 айында 156 млрд теңге зейнетақы төлемдерін төлеген.
Қазақстандықтар 25 қаңтардан бастап sms-хабарлама көмегімен зейнетақы жинақтары туралы мәліметтерді ала алады
