Өскемендегі Гематология орталығы құрылысына Т33,6 млрд бөлінді
Үкімет мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы барысында алға қойған Өскемендегі Гематология орталығын жеделдетіп пайдалануға беру туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында арнаулы мемлекеттік қордан Т33,6 млрд бөлді, деп хабарлайды Baq.kz.
Медицина мекемесінде екі корпус: 148 орындық стационар және клиника науқастарына арналған 24 орындық қонақ үй қарастырылған. Бас ғимаратта заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған зертханалар, сәулелік диагностика, кардиология, кардиохирургия, гематология, сүйек кемігін трансплантациялау және күрделі соматика бөлімшелері орналастырылады. Жаңа орталық науқастар емдеу мен оңалтудың озық әдістеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы құны – Т71,3 млрд. Бүгінде нысанның 78%-ы аяқталған. Ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, сыртқы инженерлік желілер тартылған, шатыр, қасбеті, терезе блоктары дайындалып, ішкі әрлеу жұмыстары ішінара аяқталған.
Ақмолада 1,5 жыл бұрын ғана ашылған мектепке Т78 млн-ға жөндеу жүргізбек болған
Ақмола облысында 1,5 жыл бұрын ғана ашылған мектепке Т78 млн-ға бюджет қаражаты есебінен жөндеу жүргізілмек болғаны анықталды. Қаланың білім беру мекемесі бұл сомаға шатырды жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Прокуратура енгізген қадағалау актінің нәтижелері бойынша мемлекеттік сатып алудың күші жойылды, кінәлі адамдар заңмен белгіленген жауапқа тартылды, ал тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты басқа да әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталды», - делінген прокуратура хабарламасында.
«Қазақстандықтарға жеке деректерінің таралып кеткені үшін өтемақы төленеді»
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықовтың мәлімдеуінше, Қазақстанда таралған деректер тізілімі құрылады. Бұл тізілім көмегімен азаматтар өзінің жеке деректері таралған-таралмағаны жөнінде ақпарат алады, деп хабарлайды «Курсив».
«Біз әрбір азамат өзінің белгілі бір деректерін, аты-жөнін, телефон нөмірін немесе электрондық поштасын енгізе алатын база құрамыз. Жүйе осы деректер бойынша әлемде ақпараттың таралуының болған-болмағаны жөнінде мәлімет береді. Бұл реттеуші ретінде бізге маңызды. Ал азаматтарға бұл қанша деректің таралғанын түсіну үшін қажет», – дейді ол.
Комитет өкілінің айтуынша, әрбір азамат өзінің жеке деректерінің таралып кеткенін анықтаса, деректердің таралуына жол берген компаниядан өтемақы талап ете алатын болады. Қазір мұндай тетік қарастырылмаған. Бірақ кибер сақтандыру процесі қолға алынса, деректері тарап кеткен азамат сақтандыру төлемдерін алуға құқылы болады.
Арманжан Байтасов Райымбек Баталовқа шүйлікті
Танымал бизнесмен Арманжан Байтасов парақшасында досы, кәсіпкер Райымбек Баталовқа қатысты жазба жариялап көпшілікті ойға қалдырды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Арманжан Байтасов өзінің соңғы мәлімдемесінде қоғам назарын аударды. Ол эмоцияға беріліп Райымбек Баталов туралы желідегі парақшасына жазады. Алайда кейін жазбасын алып тастаған.
«Егер сен үшін ар-ұят жоқ болса, бәрі шындықты білсін», - деп жазды ол.
Осылай дей келе Байтасов Бишімбаев сотындағы әңгімені еске салады.
«Бишімбаевтың сотта айтқандары жай ғана сөз емес. Бұл жасыруға келмейтін деректер», - деді Байтасов.
Фото көзі: Ашық дереккөз