Қазақстандықтардың долларға сұранысы азайды, Шымкентте улы жылан қаптауда және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 25 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстандықтардың долларға сұранысы азайды, Шымкентте улы жылан қаптауда және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Қазақстандықтардың долларға деген сұранысы азайды

2025 жылдың наурыз айында Қазақстан халқының доллар сатып алуы айтарлықтай азайған. Ұлттық банк мәліметінше, айырбастау пункттеріндегі доллар сатып алу көлемі ақпанмен салыстырғанда 57%-ға, яғни Т73,8 млрд-қа дейін төмендеген. Ал 2024 жылғы наурызбен салыстырғанда 53%-ға аз.

Ақпаратқа сәйкес, халық рубльді сатып жатыр. Наурызда ресей рубліне деген сұраныс та төмендеген. Халық рубльді сатып алудан гөрі, сатуға бейім болған. Нәтижесінде рубльдің нетто-сатылымы – Т18,9 млрд-ты құрады. Бұл ақпан айындағы – Т12,4 млрд-тан да көп.

Ұлттық банктің мәлімедеуінше, айырбастау пункттеріндегі қолма-қол шетел валютасымен жасалатын операциялар көлемі де айтарлықтай азайған. Мәселен, доллар сатып алу көлемі ақпандағы Т174,9 млрд-тан наурызда Т73,9 млрд-қа дейін түсті. Бұл екі есе аз.

SCAT әуе компаниясына жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін айыппұл салынды

Қазақстандағы SCAT әуе компаниясына Т4 млн-ға жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды Stan.kz.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, 2025 жылдың 25 ақпанында Өскемен-Астана рейсінің жолаушылары әуе компания ұшағын ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болған.

«Тексеру қорытындысы бойынша әуе компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі (Тасымалдаушының кінәсінан рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідіртілген, орындалмаған кезде тасымалдаушының жолаушыға қызметтер көрсету жөніндегі міндеттерді орындамауы не тиісінше орындамауы) бойынша 1000 АЕК (Т3 932 000) көлемінде айыппұл салынды», – делінген хабарламада.

«Шымкентте улы жылан қаптап кетті»

Шымкентте жеке тұрғын үй секторларында жылан қаптап кетті.
 Жұрттың үрейін туғызған бауырымен жорғалаушылар, тіпті үй ішіне де басып кірген, деп хабарлайды El.kz.

Ақпаратқа сәйкес, соңғы айда жедел құтқару жасағының көмегіне 13 адам жүгінген. Мамандардың айтуынша, улы шұбар, оқ жыландарын аулаған. Олардың жұп-тасу кезеңі мен күннің ысуынан әлі де қоңыраулар көбейеді.

«Құтқарушының бірінші міндеті – тұрғындардың қауіпсіздігі мен оның денсаулығына түскен қатерге көмек көрсету. Қазір Шымкент қаласы үлкейіп кетті. Кейінгі салынған шағын аудандарда, сырт жақтардан көп шақырту түседі. Бір үйге 3-4 мәрте барған кезіміз болған. Арнайы қызметке, мамандарға жүгініп, қоңырау шалып, көмек сұраған дұрыс», - дейді қалалық ТЖД жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Рауан Дүйсенбеков.

«Алматы облысында үш айдың ішінде 1 тоннаға жуық есірткі тәркіленді»

Алматы облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ардақ Қайсаровтың мәлімдеуінше, өңірде жыл басынан бері, тек бірінші тоқсанның өзінде заңсыз айналымнан 937 кг 622 грамм есірткі заты тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бірінші тоқсанда өңірде есірткіге қатысты 63 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 30-ы қылмыстық іс ретінде тіркелді. Есірткі заттарын сату, сақтау және өсіру фактілері, сондай-ақ интернет арқылы тыйым салынған ақпарат тарату әрекеттері құжатталды. Заңсыз айналымнан 937 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 24,5 кг синтетикалық зат, 4 кг-дан астам қарасора, 8,3 кг гашиш, 242 грамм героин және 900 кг каннабис бар. Сонымен қатар, есірткі өндіруге арналған төрт жасырын зертхана анықталды, олардың бірі синтетикалық есірткі жасауға маманданған», – деді ол.

Фото көзі: ©Мадина Алимханова


adimage