Қазақстандық волейболшылар Оңтүстік Кореядағы Азия чемпионатында Үндістанды жеңді

Күні: 19:02, 20-08-2019.

Астана. 20 тамыз. ҚазТАГ – Қазақстандық волейболшылар Оңтүстік Кореядағы Азия чемпионатында Үндістанды жеңді, деп хабарлады ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) баспасөз қызметінен.
«Бүгін, 20 тамызда, волейболдан Азия әйелдер чемпионатында Қазақстан мен Үндістан арасында топтық алдын-ала раунд матчы өтті. Ойын төрт партияға созылды. Соның қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 3:1 есебімен жеңіске жетті», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Бұл жеңіс қазақстандық командаға В тобында екінші орын иемденуге мүмкіндік берді.
«Қазақстандықтардың активінде тоғыз ұпайдың алтауы бар. Жапондықтар көш бастап тұр. Олар бұл ранудта бірде-бір рет жеңілмей, тоғыз ұпай жинаған. Үштікті үш ұпаймен Аустралия аяқтады», - деп нақтылады ҰОК.
Еске салсақ, 18 тамызда Қазақстанның әйелдер құрамасы волейболдан Азия чемпионатында Аустралияны 3:0 есебімен жеңген еді.
Оңтүстік Кореядағы құрлықтық біріншілік 25 тамызға дейін жалғасады.


Жаңалықтармен бөлісу: