Қазақстандық жүзгіш Баландин Оңтүстік Кореяда ӘЧ-2019 жартылай финалына шықты

Астана. 25 шілде. ҚазТАГ – Қазақстандық жүзгіш Дмитрий Баландин Кванджуде (Оңтүстік Корея) 2019 жылғы әлем чемпионатында (ӘЧ-2019) жартылай финалға шықты, деп хабарлады ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметінен.
«25 шілдеде Кванджуда өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионатында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден іріктеу кезеңі аяқталып, Дмитрий Баландин жартылай финалға жолдама алды», - делінген бейсенбідегі хабарда.
ҰОК ақпарынша, Баландин аталған қашықтықты 2:09.27 уақыт көрсеткішінде жүзіп өтіп, жалпы есепте 11-ші орынға тұрақтады.
«Ал өз тобында Олимпиада чемпионы бесінші нәтиже көрсетті. Әзірге бірінші орында австралиялық Мэттью Уилсон (2:07.29) тұр. Екінші орында ресейлік Антон Чупков (2:08.22). Үздік үштікті германиялық Марко Кох (2:08.70) қорытындылаған», - делінген хабарда.
Айта кетелік, Баландин 200 метрге брасс әдісімен жүзуден Рио Олимпиадасының чемпионы атанды. Жартылай финал бүгін кешкі уақытқа жоспарланған.



adimage