Қазақстандық жас теннисші Грузияда өткен жарыстың абсолютті чемпионы атанды

    Астана.7 маусым.ҚазТАГ- Қазақстандық Әмір Омарханов Грузия астанасы Тбилисиде 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ITF сериясының турнирінің абсолютті чемпионы атанды, деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясы.
   «Тбилисиде 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ITF Juniors J60 турнирі өтті. Қарағанды теннис мектебінің түлегі, қазіргі кезде Чехияда жаттығып жүрген 15 жасар Әмір Омарханов жекелей және жұптық сында үздік шықты»,- делінген сәрсенбі күнгі хабарламада.
Әмір жекелей сында әзербайжандық Канан Гасимовты 6:1, 6:3 есебімен ұтты. Қазақстандық теннисші финалға дейін де  қарсыластарына бірде-бір сетті берген жоқ.
   «Ә.Омарханов жұптық бәсекеде болгариялық Иван Найденовпен бірге қазақстандықтар Ілияс Маратұлы/Виталий Зацепинді жеңді – 6:3, 6:4. Осылайша, Әмір Омарханов ITF Juniors додасында бесінші титулына қол жеткізді. Соның ішінде екеуі – жекелей сында. Тбилисидегі табысы нәтижесінде қазақстандық спортшы жасөспірімдер әлемдік рейтингісінде 298-орынға көтерілді»,- делінген хабарламада.
   Сол секілді Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнир қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды.
   «Альбина Кәкенова финалда Дильназ Машабаевадан айласын асырды. Жұптық сында Іңкәр Дүйсебай өзбекстандық Дарья Шубинамен бірге супер тай-брейкте Әдемі Аманкелді мен ресейлік Екатерина Ходжаевадан жеңісті жұлып алды – 3:6, 7:6 (7:5), 10:3. А.Кәкенова осымен ITF juniors жарысында екінші рет жеңімпаз атанып отыр»,- деп қосты Қазақстан теннис федерациясы.

adimage