Қазақстаннан астық экспорты 52%-ға өсті

Астана. 6 желтоқсан. ҚазТАГ – Қараша айының соңында Қазақстан 6,3 млн тонна астық экспорттады, жаңа өнімді экспорттау көлемі 2,37 млн тонна, бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық, деп хабарлады ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметінен.

«Биылғы қараша айының соңына дейін 6,3 млн тонна астық экспортталды. Жаңа өнімді экспорттау көлемі 2,37 млн тонна, бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық», - делінген хабарда.

Дәстүрлі нарықтар – Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис.

Экспорттың Иранға, Өзбекстанға және басқа да негізгі елдерге артқаны байқалады. Биыл экспорттық әлеует 12 млн тоннаға жетеді деп болжануда.

Өзбекстанға жеткізілімдер көлемі 42%-ға өсіп, 944 мың тоннаны құрады, өткен жылы бұл көрсеткіш 665 мың тонна болған еді. Тәжікстанға жеткізілім 2023 жылғы 254 мың тоннадан 49%-ға артып, биыл 377 мың тоннаға дейін жетті. Қытайға экспорт көлемі 17%-ға артып, 355 мың тоннаға жетті (өткен жылы 304 мың тонна), Иранға экспорт көлемі 30 есеге дейін – 10 мың тоннадан 299 мың тоннаға артты.

Сондай-ақ Әзербайжан, Ауғанстан (Түркменстан арқылы транзитпен), Иран, Ирак, Солтүстік Африка елдері мен Еуропалық Одаққа Қара және Балтық теңіздері арқылы жеткізілетін астықты 2 млн тоннаға дейінгі көлемде тасымалдауды ұйымдастыру мәселесі пысықталуда.

adimage