Қазақстанның энергетика министрлігі департаментінің басшысы пара алу күдігіне ілікті

Астана. 26 шілде. ҚазТАГ – Қазақстанның энергетика министрлігі департаментінің басшысы пара алу күдігіне ілікті, деп хабарлады ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен.
«Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің лауазымды тұлғаларын ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау күдігі бойынша әшкереледі. Осы Департаменттің басшысы өзіне бағынышты – бас маманның делдалдығы арқылы Талғар АЭЖ қызметкерінен осы мекемедегі электр энергетикасы саласындағы тексеру нәтижелері бойынша оң қорытынды бергені үшін айтарлықтай мөлшерде пара алу күдігіне ілінді», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, аталған тұлғалар пара алу және беру, сондай-ақ осыған делдал болу фактілері бойынша өз кінәларын толық мойындауларына байланысты ұсталған жоқ. Тергеу жалғасуда.
«ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды», - делінген хабарда.

adimage