Қазақстанның Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады

Астана. 11 қазан. ҚазТАГ- Қазақстанның Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлады агенттіктің тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады»,- деп хабарлады Ұлттық Банк жұма күні.

Жылдық инфляция шілдеде өскен соң тамыз, қыркүйек айларында байыппен төмендеуін жалғастырды.

«Айлық инфляция орташа тарихи мәндерден және көктем кезі мен жаз басында байқалған деңгейлерден жоғары қалыптасып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі төмендеп келеді, бірақ оның қарқыны әлі де баяу. Қыркүйек айында халықтың инфляциялық күтулері өсті. Сыртқы ортаның тәуекелдеріне әлемдік нарықтардағы азық-түлік бағасының өсуі және Ресейдегі жоғары инфляция жатады. Экономика ішіндегі проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, тарифтердің өсуінің жалғасуы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ инфляциялық күтулердің артуы есебінен сақталып отыр»,- делінген хабарламада.

Ортамерзімді перспективада инфляция бойынша 5% мақсатқа қол жеткізу ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды қажет етеді.

«Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ығысып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі тұрақты түрде төмендесе және фискалдық алшақтықты қаржыландыру мәселесі тиімді әрі жүйелі шешімін тапқан жағдайда базалық мөлшерлемені байыппен және теңгерімді түрде төмендетуге мүмкіндік болады»,- делінген хабарламада.

Фото көзі: Фото из открытых источников.


adimage