Астана. 20 қыркүйек. ҚазТАГ – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында РХБҚ бөлімшелерімен тактикалық арнайы оқу-жаттығу өтті, деп хабарлады ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Оқу-жаттығуды өткізу шеңберінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 22534 әскери бөлімінің жеке құрамы дабыл бойынша көтерілді. Бөлімшелер Айша бибі полигонына марш жасап, іс жүзінде оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Жауынгерлік арналым ауданына техника легінің қозғалуы барысында оларға жердің зақымдалған учаскесін анықтау, оны залалсыздандыру бойынша тапсырмаларды орындау сияқты жағдайлар туындаған кезде қарсыластың жаппай қырып-жою қаруын қолдануы жағдайларында іс-қимылдарды орындауға тапсырмалар берілді», - деп хабарлады бейсенбіде қорғаныс министрлігінен.
Хабарда атап өтілгендей, тактикалық арнайы оқу-жаттығу барысында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелерінің жеке құрамы басшылықтың нұсқауларын жедел орындай отырып, үйлесімді және нақты әрекет етті. Бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезіндегі іс-қимыл тетігі пысықталды және әскери қызметшілер кезекті рет іс жүзінде машықтарын, тәжірибелері мен білімдерін пысықтады.
«Бөлімшеміздің әскери қызметшілері радиациялық, химиялық, биологиялық барлауды орындауға, алынған ақпаратты өңдеуге, әскерлерді радиобелсенді, химиялық және биологиялық зақымдалу туралы хабардар етуге қабілетті. Жабдық пен арнайы техника жер учаскелерін, әскери нысандар мен құрылыстарды залалсыздандыруды жүргізуге мүмкіндік береді», - деді 22534 әскери бөлімінің командирі майор Тимур Сағынғанов.
Қазақстанның оңтүстігінде радиохимбиоқорғаныс әскери бөлімшелерінің оқу-жаттығулары өтті
