Қазақстанның сақтандыру ұйымдары активтерінің көлемі 10 айда 11% астам өсті

Алматы. 26 қараша. ҚазТАГ – Қазақстанның сақтандыру ұйымдары активтерінің көлемі 10 айда 11% астам өсті, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметінен.
«2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша сақтандыру секторында 27 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жұмыс істейді. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2019 жылғы 1 қарашада 1 168,5 млрд теңге (жыл басынан бастап 11,4%-ға өсу) болды. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері жыл басынан бері 8,7%-ға 630,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін қалыптастырған сақтандыру резервтерінің көлемі жыл басынан бері 579,4 млрд теңгеге дейін 11,5%-ға өсті.
Меншікті капитал жыл басынан бері 14,9%-ға ұлғайып, 538,1 млрд теңгені құрады.
«2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылдың осындай көрсеткішімен салыстырғанда 416,2 млрд теңгеге дейін 31,0%-ға өсті, оның ішінде тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 379,8 млрд теңге болды», - делінген хабарда.
Ұлттық банк нақтылағандай, 2019 жылғы қазанның қорытындылары бойынша «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 7 118,2 млрд теңгеге дейін 77,6%-ға ұлғайды. «Өмірді сақтандыру» саласы бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық сақтандыру сыйлықақыларындағы үлесі 28,4%-ды құрады (2018 жылғы 1 қарашада – 21,0%).
«Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 65,5 млрд теңгені немесе сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 15,7%-ын құрады. Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының 87,4%-ы Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қайта сақтандыруға берілді. 2019 жылдың басынан бері жүргізілген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі (қайта сақтандыруға қабылданған шарттар бойынша жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерін шегергенде) 106,1 млрд теңгені құрады, ол 2018 жылғы осындай кезеңге қарағанда 82,3%-ға көп», - деді реттеуші.

adimage