«Қазақстандықтар зейнет жасын төмендету туралы петицияға белсенді қол қоюда»
Онлайн-петиция беруге арналған платформада зейнет жасын қайта қарау туралы ұсыныс дауыс саны бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Петицияның сипаттамасында авторлар әйелдердің зейнет жасын 55 жасқа, ал ерлердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуді талап ететіні атап өтілген.
«Жоғарыда аталған зейнет жасы көршілес елдердің, Қазақстан төңірегінде орналасқан Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдің зейнет жасымен салыстыра отырып, негізделген. Бірдей климаттық жағдайда, бірдей өмір сүру ұзақтығымен Қазақстанда ерлердің зейнетке шығуы 63 жастан белгіленді, 2028 жылдан кейін әйелдер де 63 жастан зейнетке шығады, бұл бізді қорлау», - делінген үндеуде.
«Назарбаев резиденциясы» деп аталған нысан сатылады»
Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметов тұрған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «резиденциясы» аукционға қойылды, деп хабарлайды Nege.kz.
Электрондық сауда алаңының порталындағы ақпаратқа сәйкес, Өскемендегі жалпы ауданы 3179,9 ш.м екі қабатты профилактория ғимаратының бастапқы бағасы - Т1 115 893 000.
Бұрынғы «резиденцияны» мейрамханасы, бассейні, спорт алаңдары, конференц-залдары, қонақ үйі мен сауда павильондары бар туристік орталыққа айналдыру көзделген.
Аукцион 3 шілдеде басталады.
«Депутат елімізде орануға тыйым салынбайтынын айтты»
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде орануға тыйым салатын заң жобасы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда діни-наным сенімге толығымен еркіндік берілген.
«Ермұрат Сейтқазыұлының ол жеке пікірі ғой. Хиджаб, никабқа қатысты мәселе бізде қарастырылып жатқан жоқ. Одан да басқа маңызды мәселе бар ғой», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Айта кетсек, бұған дейін депутат Ермұрат Бәпи парламент дінге және басқа ағымдарға қатысты мәселені қолға алатын заң жобасын енгізуді жоспарлап отыр деген болатын.
«Министр қазақ тілді ChatGPT биыл іске қосылатынын айтты»
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарышты дамыту министрі Жаслан Мәдиев қазақ тіліндегі ChatGPT қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Әрине, ол өте маңызды жоба. Қазіргі таңда біз QazLLM деген жобаны іске асырып жатырмыз. Ол үлкен тілдік модель. Назарбаев университетімен осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 6 млрд-қа жуық токен жиналды. Біздің мақсат — 100 млрд токенге дейін жеткізу. Осы жылдың соңы - желтоқсанда бірінші нұсқасы шығады деп ойлаймыз», – дейді Мәдиев.
ChatGPT деген – америкалық коммерциялық емес OpenAl компаниясының 2022 жылдың қараша айында таныстырған нейрондық желісі. Оның қолынан көп нәрсе келеді. Ол арқылы жасанды интеллектпен хат жазысып, кез келген сұрақ қоюға немесе тапсырма беруге болады.
Фото көзі: AFP/©NOAH SEELAM