Қазалы ауданында «Отан отбасынан басталады» тақырыбында отбасылар байқауы өтті

Қызылорда. 21 қазан. ҚазТАГ – Қызылорда облысының Қазалы ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау шаралары аясында «Отан отбасынан басталады» тақырыбында аудандық мәдениет Орталығының ұйымдастыруымен Әйелдер істері және отбас-демографиялық саясатты жүзеге асыру бағытында аудандық отбасылар байқауы өткізілді, деп хабарлады Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің инспекторы Бекзат Әжімұрат.
Хабарда атап көрсетілгендей, отбасы  болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырамайтын басты тірек-арқауы.
Үлгілі отбасыларды кең түрде насихаттау бағытында өткен сайысқа онға  тарта отбасы қатысып, өзара бақ сынасты. Олар «Отбасым-Отаным» деп аталатын кезеңде өздерін таныстырып, «Ұлттық дәстүр - отбасымның діңгегі» атты кезеңде қазақтың салт-дәстүрінен үзінді көрсетті және «Өнерлі отбасы» кезеңінде отбасы мүшелері өз өнерлерін ортаға салды, сондай-ақ «Мерейлі отбасы қандай болуы керек?» деген тақырыпта әрбір отбасы өз идеялары бойынша сахналық көрініс дайындап, халық назарына ұсынды. Талапкер отбасылардың өнерін сарапқа салып таразылаған қазылар алқасы аудан активтерінен құралды.
Нәтижесінде Басықара аулынан қатысқан Мырзатаевтар отбасы жан-жақты дайындығымен  ерекшеленіп, бас жүлдені жеңіп алса, Тасарық аулынан қатысқан Шамарановтар отбасы бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Бірлік аулынан келген Құтжановтар отбасы және Лақалы аулынан келген Мақсатбаевтар отбасы иеленді, үшінші орынды Жанқожа батыр аулынан қатысқан Сұлтанбаевтар отбасы мен Шәкен аулынан қатысқан Сазанбаевтар отбасы өзара бөліске салды. Сондай-ақ, бірқатар талапкер отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды және жүлдегерлерге Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Отбасы беделін арттыру, неке және отбасы құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған мәдени  шара жоғары дәрежеде өткізіліп, көпшіліктің көңілінен шықты.

adimage