Қазалыда «Үздік әдіскер - 2015» атты кәсіби байқау өткізілді

Қызылорда. 4 қыркүйек. ҚазТАГ – Қызылорда облысы Қазалы ауданында Қазақ Хандығының 550 жылдығына және Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Үздік әдіскер - 2015» атты әдіскерлер арасында кәсіби байқау өткізілді, деп хабарлады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Хабарланғандай, байқауға қатысқан талапкерлер «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» деп аталатын кезеңде өздерін және жұмыс орнының тыныстіршілігімен таныстырса, «Ізденген жетер мұратқа» кезеңінде әдіскерлердің кәсіптік біліктілігі сыналды. Ал «Бір күнгі қарбалас» тақырыбында әдіскерлер өздерінің бір күндік жұмысын әзіл-қалжың түрінде көрсете білді. Сондай-ақ, талапкерлер «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп аталатын кезеңде өздерінің бойындағы бар өнерлерін ортаға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша жан-жақты дайындығымен ерекше көзге түсіп, ереже талаптарын толықтай орындаған Бекарыстан би ауылдық мәдениет Үйінің әдіскері Бауыржан Ізмағанбетов бас жүлдені жеңіп алып, мәдениет саласының «Үздік әдіскері» атанды. Бірінші орынды Кожабақы ауылдық Мәдениет Үйінің әдіскері Әлима Қайырбаева, екінші орынды Басықара ауылдық клубының әдіскері Айтолқын Іскендірова және Ғ.Мұратбаев ауылдық Мәдениет Үйінің әдіскері Мереке Меңдібаева, үшінші орынды Кәукей ауылдық клубының әдіскері Айзада Ізеева мен Бозкөл ауылдық Мәдениет Үйінің әдіскері Ләззат Тәңірбергенова иеленді.

adimage