Алматы. 14 маусым. ҚазТАГ –Татарстан астанасы Қазан қаласынан қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаев құрастырған Қарамола жарғысы табылды, деп хабарлады Ресейдегі Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметінен.
«Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайы қызметкерлерінің Қазанға жасаған ғылыми іссапары барысында қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай құрастырған Қарамола жарғысы табылды. Кодекс .1885 жылы Қарамола жерінде Абайды төбе би деп тағайындаған съезде қабылданған. Бір жылдан кейін Семей әскери губернаторының бұйрығымен құжат Қазан университетінің баспаханасында арап қарпімен шығарылған», - деп хабарлады қазақстандық дипломаттар бейсенбі күні.
Қарамола жарғысы халықтың бостандығы мен құқығының сақталуын және қорғалуын көздейтін ережелер жинағы болып табылады, ол халық арасында кеңінен тараған. Абай бұл құжатта демократ ретінде халық тұрмысын жеңілдету үшін көптеген жаңалықтарды ұсынған.
«Қазақстан мұрағаттары мен кітапханаларында аталмыш құжаттың түпнұсқасы жоқ. Мұражай қорында тек кириллицамен машинада терілген көшірмесі ғана сақталған, оны 1959 жылы Қазақстан ғылым академиясының қызметкері Қ.Қаңтарбайұлы жасаған. Бұл олжа аталмыш құнды құжаттың факсимильдік нұсқасын шығаруға және оны болашақта зерттеуге мүмкіндік береді», - делінген хабарда.
Қазанда Абайдың Қарамола жарғысы табылды
