ҚАЖ бірқатар қызметкерлері сыбайлас жемқорлық күдігіне ілікті

Астана. 8 қараша. ҚазТАГ – Қылмыстық-атқару жүйесінің (ҚАЖ) бірқатар қызметкерлері сыбайлас жемқорлық күдігіне ілікті, деп хабарлады ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жеке қауіпсіздік қызметімен бірлесіп еліміздің бірқатар аймақтарында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау күдіктері бойынша қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады», - делінген жұмадағы хабарда.
Сонымен, Ақмола облысында тергеу жолымен анықталған EЦ-166/18 мекемесі бастығының тәртіптік-жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары, әділет майорының сотталған адамға қамқорлық және қолайлы жағдай жасау үшін азаматтан 400 мың теңге көлемінде пара алу фактісі (Qiwi электронды әмиянына аудару арқылы) тексерілуде.
Сонымен қатар, Қарағанды қаласында облыстың Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығымен бірге АК-159/1 мекемесінің бақылаушысы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен әшкереленді. Ол 20 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы үшін сотталушыға марихуана және ұялы телефон өткізу арқылы өзінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктелуде.
«Күдіктілердің өз кінәсін мойындауына және келу туралы міндеттемесін беруіне байланысты оларға қатысты процессуалдық ұстау қолданылған жоқ», - делінген хабарда.

adimage